2025 жылдың 19 қыркүйегінде қазақстандықтарға балаларды нысанаға алған жаңа алаяқтық әдісі туралы ескерту жасалды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті хабарлағандай, жаңа оқу жылы басталғалы бері қылмыскерлер балаларға қоңырау шалып, өзін мұғалім ретінде таныстыратын жағдайлар тіркелген.
"Электронды күнделік жаңартылуда" деген сылтаумен олар балалардан SMS арқылы келген кодтарды айтуын сұрайды. Оқушылар мұны ата-анасына немесе мектепке көмектесу деп ойлап, шын мәнінде алаяқтарға "Электронды үкімет", онлайн-банкинг немесе туыстарының банк шоттарына кіруге мүмкіндік беріп отыр. Есте сақтаңыз: SMS-кодтар – бұл ешкімге айтуға болмайтын жеке ақпарат, оны тек ата-анаңызға ғана айтуға болады", – деп ескертті комитет.
Балаларға түсіндіру қажет:
- еш жағдайда SMS-кодтарды айтпау, тіпті қоңырау шалған адам өзін мұғаліммін десе де;
- күмән туған жағдайда бірден ата-анасына хабарласу;
- күдікті сілтемелерге өтпеу, бейтаныс қосымшаларды жүктемеу.
Ата-аналарға ұсыныстар:
- балаға шынайы мұғалімдер мен мектеп қызметкерлері ешқашан SMS-кодтар немесе банк картасының деректерін сұрамайтынын түсіндіру;
- телефонға ата-ана бақылауын орнатып, белгісіз нөмірлерден келген қоңырауларға назар аудару;
- балаға сенімді қарым-қатынас орнатып, ол мұндай жағдайдан қорықпай хабарлай алатындай болу.
Күдікті әрекеттерді байқаған жағдайда құқық қорғау органдарына немесе 111 байланыс орталығына хабарласуға болады.
Айта кетейік, 17 қыркүйекте Бас прокуратура қазақстандық жүргізушілерге жол ережесін бұзды деген жалған "хабарламалардың" жаппай таралып жатқанын ескерткен болатын.