Үндістанның Аджмер қаласында әйел өзінің үш жасар қызын Ана-Сагар көлінде суға батырып жіберді деген айып тағылды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Times of India басылымының жазуынша, полицияға оқиға туралы қылмыс жасалғаннан бір күн өткен соң белгілі болған. Тәртіп сақшылары көл маңында қызын жоғалтқанын айтып жүрген әйел мен ер адамды байқаған.
Полиция бірден іздестіру жұмыстарын бастап, көп ұзамай баланың мәйітін тапты. Көл аумағындағы бейнебақылау жазбаларын тексерген кезде ананың сөзі мен видеодағы жайттар сәйкес келмейтіні анықталды.
Тергеу барысында әйел бұрын Варанаси қаласының тұрғынына тұрмысқа шыққанын, алайда ол өзін асырай алмағандықтан басқа ер адаммен бірге кеткенін айтқан. Алғашқы күйеуінің жағдайы оны күйзеліске ұшыратқанын, ақыры осы қиындықтардан құтылу үшін баладан бас тартуға шешім қабылдағанын жеткізген.
Қолға түскен әйел өз кінәсін мойындады.
Бұған дейін Үндістанда бес жасар қызды анасының көз алдында қасқыр орманға сүйреп әкетіп, өлтіргені хабарланған болатын.