Кейінгі жылдары жер бетіндегі халық санының көбеюіне байланысты, суды тұтыну көлемі де ұлғайған. Әрі жаһандық жылыну мен құрғақшылық салдарынан, алдағы 5 жылда су тапшылығы 40%-ға жетеді деген болжам бар. Қазірдің өзінде әлемнің 28 елінде миллиардтаған адам тіршілік нәріне қол жеткізе алмай отыр. Су дағдарысының әлемдік экономикаға орасан зор шығын әкелетіні айтпаса да түсінікті. Бұл тығырықтан шығудың жолы қандай?

Су тапшылығы мәселесінің өзектілігі жыл сайын артып барады. Бұл ретте әлем елдері тіршілік нәрін үнемдеу технологияларын кеңінен қолдануға көшкен.

Әлемдегі су саласын цифрландыру

Израиль бұл салада жетекші мемлекет. Елде теңіз суын тұщыландыру кеңінен дамыған. Сондай-ақ, ағын судың 90 пайызы қайта өңделеді. Халықтың 55 пайызы сол өңдеуден өткен суды тұтынады. Мәселен, жергілікті бассейндер мен жуынатын орындардағы су кәріз жүйесіне ағызылмай, арнайы қондырғыға түседі. Сол жерде тазартудан өтіп, қайта қолдануға жарамды болады. Нәтижесінде мұндай орындардың шығыны екі есе азайған. Сонымен қатар арнайы датчиктер мен деректерді талдау арқылы су құбырларындағы ақауларды жылдам анықтап, шығындарды азайтуға мүмкіндік беретін жүйелер қолданылады.

Ал Берлин техникалық университетінде сорғы стансасының цифрлық көшірмесі бар. Бұл жүйе апаттардың алдын алуға әрі оларды болдырмауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар техникалық қызмет көрсетуге кететін уақытты 30%-ға, шығындарды 25%-ға азайтады. Цифрландырудың басты артықшылығы автоматтандыру арқылы жүйелерді жаңа талаптарға жылдам бейімдеу және инженерлік жұмыстарға кететін уақытты 68%-ға қысқарту.

Су саласындағы Сингапурдың серпілісі

Cу саласын цифрландыру бойынша Сингапур де серпіліс жасаған. Мұнда судың 40%-ы Малайзиядан келеді. 30 %-ы «NEWater» технологиясының көмегімен ағын суларды тазарту арқылы алады. Өңдеуден өткен су негізінен өндірістік және өнеркәсіптік кәсіпорындарда қолданылады. Қажеттіліктердің 20 пайызын тұшыту технологиялары қамтамасыз етеді. Ал қалған 10 проценті су жинайтын бассейндер есебінен шешіліп отыр. 2006 жылдан бері мемлекет су ресурстары бойынша ірі зерттеу орталығына айналу үшін салаға көп қаржы бөліп келеді. Қазір мұнда тиісті бағытта 70 жергілікті және шетелдік компания жұмыс істейді. Олар 2060 жылға қарай суды тұшыту көлемін 3 есе арттыруды жоспарлап отыр.

Су саласындағы Жасанды интеллект

Цифрлы әлемді қазір жасанды интеллектсіз елестету қиын. Су саласындағы дағдарыстан құтқаруға да ақылды машина пайдаланылады. Бұл салаға бірқатар мемлекет қыруар қаржы бөліп жатыр. Маркетингтік зерттеулерге сүйенсек, алдағы 5 жылда бұл салаға бөлінетін қаржы көлемі 6,3 миллиард АҚШ долларына жетуі мүмкін. Жаһандық қауіп-қатерлерді былай қойғанда, суды ысырап ету, коммуналдық төлемдердің уақытылы төленбеуі секілді мәселелер де су тапшылығына әкеледі. Бұл жыл сайын тазартылған судың үштен бір бөлігі далаға кетеді деген сөз. Ал, оның алдын алу шаралары, кем дегенде 7 доллар көлемінде қоғамдық және экономикалық пайда әкеледі. Бұл денсаулық сақтау, энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігін күшейту, сондай-ақ қоршаған ортаның жағдайын жақсарту есебінен жүзеге асады. Осы тұста, артық шығындар мен есептеулерді машина орындаса, әлдеқайда үнеумдеуге болады дейді, сарапшылар.