Еліміздегі әскери бөлімдердің бірінде әскери борышын өтеп жүрген тағы бір сарбаз қаза болған. Бұл туралы марқұмның әпкесі әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Қаза болған сарбаздың жақындары оның өзіне қол жұмсағанына сенбейді. Қайғылы оқиғаға қатысты ҚР ҚК Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметі пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ. NUR.KZ.

Марқұмның әпкесі Еңлік Қалтаеваның Instagram желісіндегі парақшасында жазуынша, былтыр күзде інісі Даниял Шынарбек әскерге кеткен. Ал көктемде егіздің сыңары Дінмұхамед Отарға әскери борышын өтеу үшін аттанған.

"Олар бірге қызмет етті, бірақ ант бергеннен кейін Дінмұхамедті Мәтібұлаққа, 01098 әскери бөліміне ауыстырып, оны ағасынан ажыратты. Негізі егіздерді айыруға болмайды. Дәл сол жерде қайғылы болды.

Бүгін Дінмұхамедтің өзіне қол жұмсағанын хабарлады. Ол 29 тамызда небәрі 19 жасқа толды. Қайғыдан қан жұтып отырмыз, оның қазасын суицид деп түсіндіргеніне сене алмаймыз.

Отбасымызбен Қазақстан президентіне жүгініп, бұл істі жеке бақылауына алуды сұраймыз және талап етеміз. Неге бейбіт кезде осындай жас жігіттер қаза табады? Бізге шындық пен әділдік қажет", — деп жазды марқұм сарбаздың әпкесі.

Бұл оқиғаға қатысты ҚР Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметі NUR.KZ тілшісіне пікір білдірді.

"Осы жылдың 17 қыркүйегінде Гвардейск гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді әскери қызметші өзіне қол жұмсаған. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Құрлық әскерлері бас қолбасшысының тапсырмасымен оқиғаның мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия жіберілді. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің қолбасшылығы әскери қызметшінің туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады және оларға барлық қажетті көмек көрсетіледі", — делінген хабарламада.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Еңлік Калтаева (@enlik_kaltaeva)

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз