Президенттің тапсырмасымен 2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялануы еліміздің еңбек нарығындағы өткір мәселелерді шешуге бағытталған ауқымды бастама болды. Бұл қадам жастардың техникалық және өндірістік салаға қызығушылығын арттыруға, жұмыссыздықты төмендетуге және еңбек адамына деген құрметті күшейтуге жол ашты. Түркістан облысында да осы бағытта жүйелі жұмыстар атқарылып, алғашқы айлардың өзінде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілуде.
Бұл жұмыстардың есебі облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында қаралды. Жиын барысында өңір басшысы жүзеге асырылып жатқан шаралардың формальды емес, шынайы нәтижеге бағытталуы қажеттігін қадап айтты. Ол жұмыс орындарын арттыру, шетелдік инвесторлар тартқан өндірістерге отандық мамандарды даярлау, жастарды кәсіптік біліммен қамту мәселелерін күн тәртібіндегі басты бағыт ретінде атап өтті.
– Жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру – тек экономикалық емес, стратегиялық маңызы бар мәселе. Жастарды заманауи зауыт-фабрикаларға тарту арқылы біз өңірдің тұрақты дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеміз. «Жұмысшы мамандықтар жылы» – бұл еңбек адамына құрмет пен қолдау, халқы тығыз орналасқан біздің өңіріміз үшін аса маңызды бастама. Барлық шара есеп үшін емес, халықтың нақты қажеттілігіне бағытталуы тиіс. Зауыттар мен фабрикалар ашылып жатыр, алайда шетелдік инвесторлар әлі де маман таппай, сырттан шақыруға мәжбүр. Бұл мәселені шешудің бір жолы – жастарды өндірістік орындарға апарып, нақты еңбекпен таныстыру. Жұмысшы болу – ауырлық емес, абыройлы еңбек. Ел экономикасы – осы мамандық иелерінің қолында. Бізге заманауи кәсіпорындармен қатар, білікті мамандарды даярлау маңызды. Экскурсиялар, тәжірибе, дуалды білім беру жүйесі жүйелі жүргізілуі қажет. Жастарымыз өз елінде, өз өңірінде еңбек етіп жатса – міне, бұл нағыз жеңіс! – деді Нұралхан Көшеров.
Түркістан облыстық білім басқармасы «Жұмысшы мамандықтар жылына» арналған 64 бағыттағы 138 іс-шарадан тұратын жоспарды бекіткен. Оның ішінде мамандықтарды насихаттайтын форумдар, көрмелер, жәрмеңкелер, дуалды оқыту жүйесін кеңейту, кәсіптік бағдар беру, озық колледждердің инфрақұрылымын жетілдіру сияқты нақты қадамдар бар. Облыстағы 50 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымында бүгінде 47 450 студент 84 түрлі мамандық бойынша білім алуда. Биылғы жаңа оқу жылында бөлінген 15 500 гранттың 61,9%-ы жұмысшы мамандықтарына берілді.
Өткен жылы колледжді тәмамдаған 12 538 түлектің 75,7%-ы жұмысқа орналасса, мемлекеттік тапсырыспен білім алғандардың 79,5%-ы еңбекке араласқан. Биылғы түлектердің алғашқы екі айдағы жұмысқа орналасу деңгейі – 48%. Дуалды оқыту жүйесіне 36 колледждің 31 779 студенті қатысып, өндірістік тәжірибе арқылы еңбек нарығына тікелей бейімделіп жатыр.
Жұмыс беруші мен жұмыс іздеуші арасындағы байланысты нығайту үшін Enbek.kz электронды еңбек биржасы белсенді қолданылуда. Қазіргі таңда Түркістан облысы бойынша 2 178 бос жұмыс орны тіркелсе, оның 47%-ы жұмысшы мамандықтарына тиесілі. Сонымен қатар, 5 333 адам онлайн оқыту арқылы қайта даярлықтан өтіп, сертификат алды. «Өңірлік жұмыс орындарын құру картасы» аясында 2025 жылы 130 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Оның ішінде қыркүйекке дейін 100 807 жұмыс орны құрылып, соның 32 473-і жұмысшы мамандықтарына бағытталды.
Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға – 100 жаңа жұмыс орны» тапсырмасы да Түркістан облысында артығымен орындалды – 117,8%. Жыл басынан бері 64 рет бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 7 мыңға жуық жұмыс орны ұсынылды. Ашық есік күндері аясында 37 өндіріс орнына 10 мыңнан астам адам, оның ішінде мектеп оқушылары мен колледж студенттері барып, өндірістік үдерістермен танысты. Сонымен бірге колледждерде бизнес-стартаптар қолға алынып, халықаралық аккредитация жұмыстары жүргізілуде, жаңа жатақханалар салынуда.
Осылайша, Түркістан облысында Жұмысшы мамандықтар жылы аясында жүйелі жұмыстар атқарылып, нақты нәтижелерге қол жеткізілуде. Жұмыс орындарын арттыру, білікті мамандар даярлау, дуалды білім беруді дамыту және жастардың техникалық салаға қызығушылығын арттыру – өңірдің дамуы мен еңбек нарығын тұрақтандырудағы басты жетістіктердің бірі болып отыр.