Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.

17 қыркүйекте Алматы қаласының 112 пультіне Қонаев көшесіндегі монша кешенінде өрт шыққаны туралы хабар түскен, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"Өрт сөндірушілер келген кезде үш қабатты ғимараттың бірінші қабатындағы бу бөлмесіндегі ағаш қаптаманың жанғаны анықталды", – деп хабарлайды ТЖМ.

Құтқарушылар өртті толықтай сөндіріп, оның жоғарғы қабаттарға таралуына жол бермеді.

Ешкім зардап шекпеді. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.

Айта кетейік, Арасан – Алматы қаласында 1979-1982 жылдары шығыс сәулет үлгісімен салынған монша. Кешен құрылысы қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың бастамасымен жүргізілген.