Үш адамның өмірін жалмаған өрт Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданы Полтавка ауылында болды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, үйдің жалынға оранғаны туралы хабар бүгін кешке «112» пультіне келіп түсті.
Оқиға орнына өрт сөндірушілер бірден аттанғанымен, олар келгенде ғимарат жалындап жанып жатқан. Өрт сөндіру барысында үйден 57 жастағы әйелдің, 44 және 46 жастағы екі ер адамның мүрдесі табылды.
40 шаршы метр аумақты қамтыған өрт толық сөндірілді. Қазіргі уақытта жалынның шығу себебі анықталып жатыр. Өртті сөндіруге 8 маман және 3 арнайы техника жұмылдырылды.