Желіде Алматыдағы өзеннің бойынан жүк көлігі заңсыз түрде гранит плиталарын тиеп, мүрде тас әзірлейтін цехқа жеткізген сәтінен видео тарады. Қала әкімдігінің өкілдері оқиғаға қатысты пікір білдіріп, ұрлық фактісін растады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Қоғам белсендісі Санжар Боқаев Үлкен Алматы өзенінің бойынан табиғи гранит плиталарының заңсыз тасымалын әшкерелеп, Instagram-дағы парақшасында оқиға орнынан видео жариялады. Бейнежазба авторының сөзінше, ұрлық болып жатқан кезде жақын маңда полиция өкілдері болған.

Блогер гранит плиталарын тиеп алған жүк көлігінің артынан жүріп отырып, заңсыз жүкті қайда апара жатқанын білуге тырысты. Белгілі болғандай, жұмысшылар гранит тақталарын Алматы облысындағы Талғар ауданына жеткізіп, сол жердегі мүрде тас жасайтын цех ғимаратының алдына түсіре бастаған.

Боқаев жүк көлігінің жүргізушісінен тақталарды қайдан алып келе жатқанын сұрағанда, ол жарамсыз тақталарды Әйтеу ауылындағы қоқыс тастайтын жерден алғанын айтады. Алайда артынан қоғам белсендісі плиталардың сынбағанын әрі қолданысқа жарамды екеніне көз жеткізіп, жүргізушіге шын мәнінде гранит тақталарын қай жерден алып келе жатқанын білетінін айтты.

Заңсыз тасымал фактісі әшкереленген соң гранит плиталарын қайтадан қалаға, алынған жеріне жеткізеді.

NUR.KZ тілшісі оқиғаның мән-жайын білу мақсатында Алматы әкімдігіне жүгінді. Экология басқармасы видеодағы гранит тақталарының ұрланғанын хабарлады.

Ведомствоның хабарлауынша, 15 қыркүйек күні жүк көлігі заңсыз түрде 12 гранит тақтасын тиеп алып кеткен. Көлік жүргізушісі белгісіз тұлғаның тапсырман орындағаны және бұл жағдай туралы күзетшінің хабардар болғаны анықталды. Ақылбек есімді ер адам жүкті сәтті тасымалдаған жағдайда жүргізушіге 50 мың теңге төлеуге уәде еткен.

Қазіргі уақытта оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды, тергеу жұмыстары басталып кетті.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз