Жетісу облысында балалар үйінің түлегі асыраушысынан айырылуына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алу құқығын сот арқылы дәлелдеп, өзіне тиесілі қолдауды алды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Таратылған ақпаратқа сүйенсек, талапкер, балалар үйінде тәрбиеленіп, 2010 жылы әкесінен айрылған, 2017 жылғы 1 қаңтардан 2021 жылғы 29 қараша аралығындағы кезеңге асыраушысынан айрылуына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындау туралы өтінішпен Талдықорған қалалық әлеуметтік қорғау бөліміне жүгінген. Алайда оған толық төлем тағайындалмай, тек үш жылға ғана жәрдемақы есептелген.

"Бас тарту себебі ретінде талапкер сол кезеңде патронаттық тәрбиеде болғаны және оның заңды өкілінің жәрдемақы тағайындау үшін өтініш бермегені көрсетілген",- делінген ақпаратта.

Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты жауапкерлердің әрекеті Әлеуметтік кодекс нормаларын формалды түсіндіруге негізделгенін анықтады. Сонымен қатар, даулы кезеңде талапкер кәмелетке толмаған болғандықтан, жәрдемақы алуға өз бетінше өтініш бере алмаған.

Бұл құқықты түсіндіру міндеті балалар үйі мен патронаттық тәрбиешіге жүктелген. Аталған міндеттің тиісті орындалмауы баланы заңда көзделген әлеуметтік кепілдіктерден айыруға әкелмеуі тиіс.

Сондай-ақ сот талапкердің өтінішіне қатысты тиісті әкімшілік акт қабылданбағанын, тек жазбаша жауаппен шектелу Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс талаптарына сәйкес еместігін атап өтті. Мотивтелген шешімнің болмауы заңдылық, әділдік және азамат құқығының басымдығы қағидаттарын бұзған.

"Осы мән-жайларды ескере отырып, сот жауапкерлердің әрекеттерін заңсыз деп таныды және Талдықорған қалалық әлеуметтік қорғау бөлімі мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Жетісу облысы бойынша департаментін талапкердің өтінішін қайта қарап, бір ай мерзімде оң әкімшілік акт қабылдауға міндеттеді. Сондай-ақ, талапкерге төленген мемлекеттік баж қайтарылды",- деп мәлімдеді ведомство.

Осылайша, сот талапкердің асыраушысынан айрылуына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алу құқығын растап, мемлекеттік органдарға жіберілген бұзушылықтарды жоюды жүктеді.

Шешім заңды күшіне енді.