2025 жылғы 17 қыркүйекте Ақорда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Алтай – түркілердің ата қонысы. Түркі өркениетінің қалыптасу тарихы" атты ІІ халықаралық ғылыми-практикалық конференция қатысушыларына құттықтауын жариялады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Мәтін Ақорда Telegram-арнасында жарияланды.
"Құрметті қауым! Баршаңызды аса маңызды тақырыпқа – Түркі өркениетінің түп-тамырын зерделеуге арналған ғылыми конференцияның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Қазірдің өзінде халықаралық ғылыми қауымдастық дүние жүзіндегі түрлі елдердің мықты ғалымдары мен зерттеушілерін тоғыстырған осы беделді форумға әлем өркениетінің жылнамасындағы айрықша географиялық және тарихи құбылыс саналатын Алтай мәселесі арқылы түркі дүниесі туралы пікір алмасып, ақпарат бөлісетін бірегей басқосу ретінде назар аударып отыр. Көне замандардан бері барша түркінің алтын бесігі болып келе жатқан Алтай бүгінгі әлемдік ғылымның биігінен терең зерттеп-зерделеуді қажет етеді. Мұндай кешенді зерттеулер аңғары аңызға толы қарт Алтайдың бауырынан өсіп-өнген күллі түркі жұртының мәдени ықпалдастығын нығайту жолында ауқымды халықаралық диалог орнату үшін де қажет". Қасым-Жомарт Тоқаев
Ол Алтайдың төрт тарабын Қазақстан, Ресей, Қытай, Моңғолия мемлекеттері тең жайлап жатқанын атап өтті.
"Сондықтан мен жақында Шанхай ынтымақтастық ұйымының Тяньцзинде өткен саммитінде "Трансалтай диалогын" бастау туралы ұсыныс айттым. Бұл қадам біздің елдеріміздің мүддесіне сай келетін ғылыми-гуманитарлық және экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға ықпалын тигізеді. Ресей әлемдік түркітану ғылымын дамытуға өлшеусіз үлес қосып келеді. Осы бір өте маңызды ғылыми бағыттың алдыңғы шебінде жүрген орыс ғалымдарының археология, этнология, лингвистика, нумизматика және түркі елдерінің тарихына тікелей қатысы бар басқа да салалардағы зерттеу жұмыстары әлемдік ғылымның жетістігі саналады. Сондай-ақ олардың еңбектері қазіргі замандағы бірлік пен ынтымақтың және өзара ықпалдастықтың пәрменді құралы ретінде бағаланады",- деді ол.
Сондай-ақ, ол Қазақстан да түркітану ғылымын дамытуға айрықша көңіл бөліп отырғанын жеткізді.
"Еліміздің бастамасымен 2010 жылы Астанада Халықаралық түркі академиясы ашылды. Бұл мекеме түркі тілдес және басқа да елдердегі белгілі сарапшылардың ғылыми әлеуетін ортақ мақсатқа жұмылдыратын бірегей орталыққа айналды. Біз Алтай аймағындағы мемлекеттермен ғылым-білім саласындағы байланысымызды кеңейтуге баса мән береміз. Қазақстанның беделді жоғары оқу орындарында арнайы кафедралар мен институттар табысты жұмыс істеп тұр". Мемлекет басшысы
Осы ретте, мемлекет басшысы белгілі ғалымдардың халықаралық ұжымы көп ұзамай жарыққа шығатын Қазақстанның академиялық тарихының екінші томына өз үлесін қосып жатқанын айтты.
"Бұл еңбекке түркология саласындағы ең соңғы жаңалықтар да енгізілетін болады. Бәріміз күш біріктіріп, түркі халықтарының тарихы мен мәдениетін дәріптеу жолында көп жұмыс тындырдық. Дегенмен атқаратын шаруа әлі де көп. Біз түркі дүниесі туралы білімімізді кейінгі ұрпаққа мирас ету үшін оны жүйелей түсуіміз керек. Басқосу аясында мазмұнды пікірталас өтіп, тың идеялар айтылады деп сенемін. Сондай-ақ түркі өркениетінің өрісін кеңейтуге қатысты аса маңызды мәселелерді бірлесе зерттейтін ғылыми жұмыстардың бағыт-бағдары айқындала түседі деп ойлаймын. Конференция жұмысы табысты болсын! Баршаңызға бақ-береке тілеймін!",- деп қорытындылады ол.
Бұған дейін Тоқаев БАӘ ислам және уақыптар істері жөніндегі бас басқармасының төрағасымен кездескенін жазғанбыз.