Мұндай ақпарат кибералаяқтықтың алдын алу мақсатында хабарланып отыр.

Бас прокуратура көлік жүргізушілерін онлайн алаяқтардан абай болуға шақырған, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Бүгінгі күні жер-жаһанда, әсіресе Ресей мен АҚШ-та көлігі бар азаматтардың электронды поштасы не жеке месседжеріне айыппұл туралы хаттама жіберетіндер пайда болған.

Осылайша, олар көлік иелерінің банк картасынан оңай ақша ұрлайды. Бас прокуратура мұндағы ең басты қауіп сол хаттың ішіндегі сілтеме екенін алға тартады.

– Хаттың ішіне сілтеме қойып, "айыппұлды сол арқылы төлей алайсыздар" деп шақырады. Шын мәнінде, бұл – фишингтік шабуыл. Банк картасының деректерін енгізген кезде, шотқа толық қол жеткізген олар ақшаңызды түгел шешіп ала алады. Жекелеген жағдайларда сілтемеде құрылғыдан жеке деректерді ұрлауға арналған вирус та болады, – деп түсіндіріп өтті Бас прокуратура.

Қазақстанда әкімшілік айыппұл туралы ресми ақпарат тек 1414 қысқа нөмірінен келеді. Ең басты ескерер жайт, ондай хаттарда ешқашан сілтеме көрсетілмейді. Мұнан бөлек, азаматтар айыппұл туралы ақпаратты бірқатар банк қосымшасы арқылы тез тексеріп, сол жерден төлей алады.