Ел бойынша жалпы тұрғын үйлерде орналасқан қанша лифті бар? Лифтілерді ауыстыру қарқыны қалай ? Бұл сұраққа Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жауап берді

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

-Қазіргі кезде елдің тұрғын үй қорында 33 858 лифт жабдығы бар. Оның ішінде 4 144 лифт 25 жылдан астам пайдаланылып келеді, ал 3 195 лифт техникалық қызмет көрсету аясында күрделі жөндеу жүргізуді талап етеді. 2019 жылдан бастап жергілікті бюджет қаражаты есебінен 1728 лифт ауыстырылды. 2024 жылы республикалық бюджет қаражаты есебінен 234 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жасалып, оның ішінде 8 лифті ауыстырылды, — делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

«Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес, лифт кондоминиум объектісінің ортақ мүлкінің құрамдас бөлігі. Осыған байланысты лифт жабдықтарын ауыстыру және жөндеуге қатысты мәселелерді пәтер иелері жалпы жиналыста жалпы санының кемінде 51% көпшілік дауыспен шешеді.

-2025 жылы жергілікті атқарушы органдардан 363 көппәтерлі тұрғын үйді күрделі жөндеу жүргізуге, соның ішінде 248 лифт жабдығын ауыстыруға бюджеттік өтінім берілді. Алайда Республикалық бюджеттің лимитіне орай, биылға арналған қаржыландыруды уәкілетті орган қолдамады. Бірақ бұл өтінімдер 3 жылдық бюджет бойынша 2026 жылға қарастырылады. Жоспар бойынша 2025 жылға – 524 лифт, 2026 жылға – 312 лифт, 2027 жылға 398 лифт ауыстырылып, жөндеуден өтуі қажет, — деп аталып өткен ведомство ақпаратында.