Әділет министрлігінің Мәжбүрлеп орындату комитеті ел азаматтарына алаяқтардың Әділет министрлігінің эмблемасын заңсыз пайдаланып, өздерін сот орындаушылары ретінде таныстыратын әрекеттердің жиілеп кеткенін ескертеді. Бұл туралы ведомстовға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

"Алаяқтар өздерін сот орындаушысы ретінде көрсете отырып, азаматтарды есепшоттарды бұғаттаумен, мүлікке тыйым салумен және басқа да шаралармен қорқытып, "берешекті" шұғыл түрде өтеуді талап етеді. Мұндай айла-тәсілдерге алданбаңыздар!"- делінген хабарламада.

Министрлік атқарушылық іс жүргізудің бар-жоғын ресми сайттан тексеруге болатынын еске салды. Ол үшін төмендегі нұсқаулардың бірін қолданыз.

  • "Борышкерлер мен тыйым салулар тізілімі" немесе "Атқарушылық құжатты іздеу" бөлімінде;
  • жеке ЭЦҚ-ны пайдалана отырып "Тараптар кабинеті" арқылы авторизация жасау арқылы;
  • "Азаматтарға арналған" бөліміндегі байланыс деректері арқылы сот орындаушысына тікелей қоңырау шалу арқылы өз бетінше тексере аласыз.

Сондай-ақ Adilet мобильді қосымшасы арқылы қол жеткізуге болады.

Қосымша ақпаратты Әділет министрлігінің және Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасының ресми сайттарынан білуге болады.

Заңсыз әрекеттердің алдын алу үшін комитет тек ресми дереккөздерге ғана сенуді және дербес деректерді үшінші тұлғаларға және күмәнді интернет-ресурстарға бермеуді ескертеді.

Сонымен қатар құқықтық кеңесті 119 нөмірі бойынша Саll-орталықтан (Құқықтық ақпарат қызметі, Қазақстан бойынша стационарлық телефондардан қоңырау шалу арқылы), сондай-ақ 119 Kenesbot телеграм-арнасы немесе Қазақстан Республикасының "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінің сайтындағы "Виртуалды кеңесші" айдары арқылы алуға болады.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз