Астанада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезінде Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Антониу Гуттериш бейнеүндеу жолдады

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Бас хатшының айтуынша, Қауіпсіздік кеңесінің реформасы – қазіргі заман талабына сай маңызды қадам. Сондай-ақ Қауіпсіздік кеңесінің бүгінгі құрамы қазіргі әлемге сәйкес келмейді деп отыр.

Қауіпсіздік кеңесінің құрамы қазіргі заманға емес, 1945 жылғы жағдайға сай жасалған. Бұл тек заңдылық мәселесін ғана емес, сонымен бірге тиімділік мәселесін де туындатып отыр, – деді Гутерриш.

Сондай-ақ ол Қауіпсіздік Кеңесінде вето құқығын шектеу идеясын қолдайтынын жеткізді.

Әсіресе адам құқықтарының жаппай бұзылуы немесе соған ұқсас күрделі жағдайларда вето құқығын шектеу жөнінде ұсыныстар болды. Бұл бастаманы Франция мен Ұлыбритания көтерген еді. Мен бұл ұсынысты оң қабылдаймын, – деп атап өтті БҰҰ бас хатшысы.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та БҰҰ-ға, ең алдымен оның негізгі органы – Қауіпсіздік кеңесіне реформа қажет екенін айтқан болатын. Мемлекет басшысы Нью-Йоркте өтетін Бас Ассамблеяның мерейтойлық сессиясында халықаралық жағдайға қатысты Қазақстанның көзқарасын таныстырады.