Алматы қалалық киберпол қызметкерлері мессенджерлерге тіркеу үшін көп мөлшерде SIM-карталар мен мобильді телефондарды сатып алып, пайдаланған адамдар тобын ұстады.

Тексеру барысында 400-ден астам SIM-карта, ондаған банк картасы мен бірнеше мобильді телефон тәркіленді.

Аталған құрылғылар заңсыз әрекеттер үшін қолданылған. Алдын ала мәліметтер бойынша, SIM-карталар мен телефондар telegram" және whatsApp мессенджерлерінде тіркеу кезінде растау кодтарын қабылдау үшін сатып алынған.

Қазіргі таңда ұсталған азаматтардың интернет-ресурстар арқылы жасалған бірқатар алаяқтықтарға қатысы бар-жоғын тексеруде.

"Интернет-алаяқтықпен күрес – біздің басым бағыттарымыздың бірі. Біз SIM-карталардың заңсыз айналымына қатысты тізбектерді анықтап, полицияның өзге де бөлімшелерімен бірлесе отырып, барлық мән-жайды анықтау және кінәлілерді жауапкершілікке тарту мақсатында кешенді тергеу іс-шараларын жүргізіп жатырмыз", – деді Алматы қалалық ПД киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Әнес Қалдыбаев.

Қазіргі уақытта толық көлемде тергеу және жедел шаралар кешені жүргізілуде.