Жаңа оқу жылы басталғалы еліміздегі 150 мектепте арнайы стоматологиялық кабинет ашылды. Бұл бастама Мемлекет басшысының балалардың қауіпсіздігін күшейту және денсаулығын қорғау жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып отыр.

Бастама бірінші оқушы саны мыңнан асатын ірі мектептер мен "Келешек мектептері" ұлттық жобасы аясында салынған жаңа оқу орындарын қамтымақ.

Балаларға стоматологиялық көмек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі есебінен тегін көрсетіледі. Мұндағы мамандар қарапайым тісжегілерін, басқада асқынбаған ауруларды емдейді. Сондай-ақ дерттің алдына алу бойынша профилактикалы жұмыстар да жүргізеді, деп жазады qazaqstan.tv.

Соңғы жылдары елімізде ауыз қуысы ауруларының артқаны байқалады. Жасөспірімдер арасындағы тіс кариесі таралуы 2016 жылы 75%, 2021 жылы 86, ал былтыр 87 проценттен асқан. Ал оны емдету жұлдыру, салдыру сынды шаруалар шамадан тыс қымбаттап кеткен шақта жаңашылдыққа ең бірінші ата-аналар қуанды.

Жаңа кабинеттер толық заманауи құрылғылармен жабдықталған. Рентген аппараты да бар. Дәрігерлер баланың тісін тез тексеріп, нақты диагноз қоя алады. Қазіргі таңда елдегі 150 мектепте арнайы емдеу бөлмелері ашылды. Жыл соңына дейін олардың саны 240-қа жетпек.

Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, Финлияндия, Ұлыбритания және Жапония сынды дамыған елдер де осыған ұқсас жобалар қолға алынған. Себебі тіс аурулары асқазанға, бауыр мен бүйрекке тіпті асқынса жүрекке зақым келтіреді екен. Сондықтан жаңа бастама салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған үлкен қадам,-дейді мамандар.