Жыланды ауылында да жаңа медициналық пункттің құрылысы жүріп жатыр.
Қарағанды облысы Шет ауданы Еңбекшіл ауылында жаңа медициналық пункт жұмысын бастады, деп хабарлайды Үкімет.
Әлеуметтік нысан елге қайтарылған заңсыз иемденілген активтер есебінен салынды.
"Медициналық пункт 200-ден астам тұрғынға қызмет көрсетуге арналған және заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандырылған. Ғимаратта дәрігерге дейінгі қарау, тексеру және ем-шаралар кабинеттері бар. Шұғыл жағдайларға жедел ден қою үшін мекемеге аудандық аурухананың реанимобиль көлігі бекітілген", – делінген хабарламада.
Шет ауданында ашылған медициналық пункт өңірде қайтарылған активтер есебінен жүзеге асырылып жатқан жалғыз медициналық жоба емес. Жыланды ауылында да жаңа медициналық пункттің құрылысы жүріп жатыр.
Оқи отырыңыз: Ақмола облысында қайтарылған активтер есебінен ауылдық амбулатория салынбақ
Сонымен қатар Қарағанды облысында Арнаулы мемлекеттік қордан бөлінген қаражатқа жоспарланған 51 медициналық мекеменің 24-і салынды, оның 11-і пайдалануға берілді. Қалған 27 нысанның құрылысы жалғасуда. Оларды тапсыру биыл қыркүйек айының соңына жоспарланып отыр.