Сәтсіз отадан кейін хирург әйелге өз еркімен 1 миллион теңге төлеген. Алайда науқас сотқа жүгінді, енді дәрігер мен аурухана оған қосымша 2,4 млн теңге төлеуге міндетті. Сот ісінің мән-жайын ҚР Жоғарғы сотының баспасөз қызметі Zakon.kz-ке хабарлады.

Белгілі болғандай, 2025 жылдың қаңтарында Шу қаласының тұрғынына қалалық ауруханада өт жолын (өт қабын) алып тастау бойынша ота жасалған. Оның айтуынша, хирургиялық араласудан кейін жағдайы күрт нашарлаған: қатты ауырсыну, қызба және айқын әлсіздік пайда болған. Дегенмен, қажетті медициналық шаралар дер кезінде қолданылмаған.

Пациентке ауырсынуды басатын дәрі егілген, ал тексеру қорытындысы бойынша медицина қызметкерлері ешқандай патология анықталмады деген қорытындыға келген.

Жамбыл облыстық көпсалалы ауруханаға ауыстыру тек туыстарының табанды талабынан кейін ғана мүмкін болды.

Сонда УДЗ нәтижесінде іш қуысына 1500 мл-ден астам өт жиналғаны анықталған. Науқасқа шұғыл ота жасалды. Оның туыстары өлім қаупінің жоғары екендігі туралы ескертілгеннен кейін келісімге қол қойған.

"Өт шығару үшін дренаж орнатылды, содан кейін әйел айтарлықтай физикалық шектеулерге тап болды – ол жата алмай, қозғала алмай, тек белгілі бір қалыпта ғана отыра алды", – деп хабарлады ҚР Жоғарғы сотының баспасөз қызметі.

2025 жылдың мамырында Алматыда оған үшінші, күрделі ота жасалды.

Талапкердің пікірінше, барлық жағымсыз салдар дәрігерлік салақтықтың, дер кезінде көрсетілмеген медициналық көмектің және қате диагноздың нәтижесі болған.

Пациент әйел моральдық және материалдық залалды ауруханадан, хирургтен және емдеуші дәрігерден бірлесіп өндіріп алу туралы талап арызбен сотқа жүгінді.

Талапта хирург кінәсін ішінара мойындап, 1 млн теңге төлегені, палатаға, дәрі-дәрмекке және үшінші отаға дайындық шығындарын өтегені көрсетілген. Алайда оның айтуынша, бұл қаражат жеткіліксіз болған.

Сот талқылауы барысында тараптар дауды медиация арқылы реттеуге ниет білдірді.

Жасалған медиативтік келісімге сәйкес:

  • хирург талапкерге 400 мың теңге төлеуге міндеттелді;
  • аурухана 2 млн теңге өтемақы төлеуге тиіс.

Сот медиативтік келісімді бекітті. Іс бойынша өндіріс тоқтатылды. Сот ұйғарымы заңды күшіне енді.

Бұған дейін Павлодар облысында эпидемиологтар өңірде аса қауіпті инфекция – туляремияның пайда болу себептерін іздеп жатқаны хабарланған еді. "Кіші оба" аталып кеткен бұл дертті бір-бірімен тіпті байланыспаған екі ауылдың балалары жұқтырған.