Алматы тұрғындары Қала күнін жыл сайын қыркүйектің үшінші жексенбісінде атап өтеді.
Алматыда Қала күніне орай ауқымды концерттер, кітап фестивалі, digital-шоу және алма жәрмеңкесі сынды 200-ден астам іс-шара өтеді, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.
Мерекелік бағдарламалар мегаполистің барлық сегіз ауданында ұйымдастырылады. Орталық алаңдарда үлкен сахна орнатылып, танымал артистер өнер көрсетеді. Ашық аспан астындағы барлық концерт пен мәдени бағдарламаға кіру тегін. Негізгі мерекелік іс-шаралар 18-21 қыркүйек аралығында өтеді. Концерттік бағдарламалар соңғы жылдардағы дәстүр бойынша таңнан кешке дейін жалғасады.
Мерекелік іс-шаралар аясында оркестрлер, театр артистері, танымал әншілер қала ішінде арнайы автобуспен жүріп өтеді. Олар аялдамаларға, көпқабатты үйлердің ауласына және ашық алаңдарға тоқтап, тұрғындарды перформанспен таңғалдырады. Артистер метро жолаушыларына да тосынсый дайындаған: вагон ішінде, бекеттерде танымал артистер ерекше шағын-шоу көрсетеді, сонымен бірге бекеттерде Қала күніне арналған арнайы көрме ұйымдастырылады.
Сонымен қатар жас әрі танымал орындаушылар мен халық артистері ерекше шығармашылық коллаборация ұсынбақшы.
18 қыркүйек күні сағат 19:00–де Республика сарайының алдындағы Абай алаңында "Мұра" атты классикалық музыка кеші өтеді. Ашық аспан астындағы сахнада әлемдік және қазақ классикасының жауһарлары — Штраус пен Пуччиниден бастап, Абай мен Хасанғалиевтің туындылары орындалады. Көрермендерге жетекші опера әншілері, хор және балет артистері өнер көрсетеді. Бұл кеште арынды ариялар, иірімі терең романстар орындалып, мереке үздік дауыс иелерінің шеруіне ұласады.
19 қыркүйек күні сағат 18:00–де Республика сарайының алдындағы Абай алаңында "Ән қанатындағы Алматы" атты дәстүрлі музыка кеші өтеді. Сахнаға қазақ дәстүрлі өнерінің өкілдері Рамазан Стамғазиев, Сәуле Жанпейісова, Еркін Шүкіманов, Ардақ Исатаева және басқа да өнер майталмандары, сондай-ақ "Сазген сазы" фольклорлық-этнографиялық ансамблі шығады. Артистер көрерменге ән, терме, жыр мен күй ұсынылып, қазақ халқының ұлттық музыкалық мұрасының сұлулығы мен тереңдігінен сыр шертеді. Бұл халқымыздың әлемдік өркениетке қосқан орасан үлесі ретінде көрініс табады. Іс-шараға кіру тегін.
19 қыркүйек күні сағат 19:30–да, Абай алаңында "QAZAQSHA терапия" заманауи әрі жарқын жобасы көрерменге "Ғасырлар үні" атты театрландырылған концерттік спектакль ұсынады. Бұл кеште әрбір әуен ұлттық болмысты оятып, ішкі үйлесімділікке жетелейді. Жоба авторлары — белгілі актёр Әсет Есжан және "Алатау" дәстүрлі өнер театрының артистері. Ұлттық мәдениет пен заманауи көркемдік шешімдер тоғысатын бұл шоу ерекше оқиғаға айналмақ. Артистер әр көрерменгеұлттық өнердің болашаққа сенімді әрі нық қадам басып келе жатқанын бірегей форматта көрсетуді мақсат етеді. Іс-шараға кіру тегін.
20 қыркүйек күні сағат 18:00–де "Көктөбе" саябағында "Көк-Төбе Опера — 2025" халықаралық классикалық музыка фестивалі өтеді. Алматылықтар мен қала қонақтары ұлттық музыка өнерінің жауһарлары мен әлемдік классикалық өнердің алтын қорына енген туындыларды тыңдап, артистердің ерекше өнерін тамашалай алады. Іс-шараға кіру тегін.
20 қыркүйек күні сағат 16:30–да ҚБТУ ғимараты алдындағы Астана алаңында Almaty Cover Show атты ауқымды музыкалық іс-шара өтеді. Әншілер 90-жылдар мен 2000-жылдардың хиттерін жаңа үлгіде орындап, хит-парадты бағындырған заманауи әндерді де ұсынады. Кештің басты хедлайнері — Ninety One тобы. Сонымен бірге сахнада ADAM, GETTO DOGS, "Азия" тобы, Бақыт Шадаева, Qali, MATIN, Зарина Омарова, Арман Қоңыр мен Аша Матай, Ерлан Көкеев, Сейфуллин Жолбарыс, Жеңіс Ысқақова, Жазира мен Жанболат, Мөлдір Әуелбекова, Бағым Мұхитденова, Тоқтар мен Бейбіт, Мұхтар Ханзада және басқа да көптеген танымал әншілер өнер көрсетеді. Almaty Cover Show — классика, ретро және заманауи әуендер тоғысқан нағыз музыкалық марафон. Іс-шараға кіру тегін.
20-21 қыркүйек күндері сағат 10:00–ден 18:00–ге дейін Арбатта жыл сайынғы KitapFest фестивалі өтеді. Бұл баспаларды, жазушылар мен мыңдаған оқырманның басын қосатын ең ірі әдеби оқиға.
Алпысқа жуық баспа мен кітап дүкендері қатысатын жәрмеңкеде қонақтар кітаптарды жеңілдікпен сатып алып, жаңа басылымдармен танысып, авторлармен тілдесе алады.
Мерекелік атмосфераны заманауи интерактивті аймақтар толықтырады: TrendZone — TikTok, Instagram және YouTube стилінде, ал Estelik Zone — "Ер Төстік", "Алиса ғажайыптар елінде", "Дюна", "Кариб теңізінің қарақшылары" және басқа да аңызға айналған шығармалар желісімен жасалған фотолокациялар ұсынылады. Балалар үшін қызық квесттер дайындалған: "Мұзды өлке" («Холодное сердце»), "Қызыл телпек", қазақ ертегісі "Қошқар мен Теке: Жоғалған қазына" және "Шоколад фабрикасының құпиялары" желісі бойынша. KitapFest — бұл жай ғана кітап жәрмеңкесі емес, бұл — екі күнге созылатын отбасылық заманауи шығармашылық алаңы. Іс-шараға кіру тегін.
21 қыркүйек күні сағат 10:30–да ҚБТУ ғимараты алдындағы Астана алаңында мерекелік концерт басталады. Сахнада Роза Рымбаева, аңызға айналған "Дос-Мұқасан" ансамблі, Зарина Алтынбаева, Жәмила Серкебаева, Біржан Хасанғалиев, Бауыржан Мусин, Аружан Данышпан, Ерлан Байназаров, Әли Оқапов пен Мәди Рымбаев, Il canto квартеті, "ЖасStars" тобы, "Жаңа толқын-2025" байқауының жеңімпазы Александр Лим, Диана мен Ален Самыкеновтер, Төлеген Рахымбаев және басқа да артистер өнер көрсетеді. Іс-шараға кіру тегін.
Оқи отырыңыз: 30 мыңнан 250 мың теңгеге дейін: "Қайрат" пен "Реал Мадрид" кездесуіне билет қашан сатылады
21 қыркүйек күні сағат 17:00–де ҚБТУ алдындағы Астана алаңында "Aspan FM" музыкалық фестивалі басталады. Қала күніне орай көпшіліктің сүйікті радиостанциясы — "Aspan FM" және қала әкімдігі танымал артистермен бірге алматылықтар мен қала қонақтарына ұмытылмас көңіл-күй сыйлайды. Фестиваль барысында артистер қызыл кілем үстімен жүріп өтеді. Сахнада Қайрат Нұртас, TURAR, 6ellucci, "МузАрт" тобы, Бүркіт пен Айша, Медеу Арынбаев, Тамара Асар, Құрмаш Маханов, Бағлан Әбдірайымов, Кеңес Әлімжан, BYTANAT, Еркеш Хасен, Ақылбек Жеменей, Алан Черкасов, Асхат Тарғын, Өмірқұл Айниязов, Заттыбек Көпбосынұлы, Райым Уайс, INJU, Әзиз Балтабекұлы, Ұлжан Ағлақова, Жәнібек Бестерек, DARO, Аян Байжігіт, DONY, Асыл Ұлықман, Ерболат Ержанбаев, Гүлнұр Оразымбетова, Ақбота Керімбекова, Бақыт Тұрман, сонымен бірге "МузАрт Лайф", "JasStars", "Алашұлы" топтары және басқа да танымал орындаушылар өнер көрсетеді. FK KAIRAT балалар хорының сахнаға шығып, әйгілі әртістермен бірге өнер көрсетуі кештің көрігін қыздырмақ. Іс-шараға кіру тегін.
21 қыркүйек күні сағат 10:00–ден 19:00–ге дейін Панфилов жаяу жүргіншілер көшесінде ауқымды Digital Fest Almaty цифрлық фестивалі өтеді. Мәдениет саласындағы мәдени іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізу барысында жасанды интеллект құралдары күн санап кеңінен қолданылып келеді, ал мұндай мереке қала тұрғындарын жаңа цифрлық шешімдермен таныстыратын бірегей алаңға айналуда. Биыл да дәстүрге сай Панфилов көшесі инновация орталығына айналып, әрбір жан цифрландырудың мүмкіндіктерін көріп, сезіне алады. Қонақтарды "Болашақ сферасы", "Цифрлық алма", VR-көзілдірігі арқылы түрлі ойындар, "Калейдоскоп" фотозонасы және басқа да қызықты digital-алаңдар күтеді. Панфилов көшесінде робот-суретші қонақтардың портреттерін салады, робот-фотограф пен робот-оператор мерекелік атмосфераны нақты уақыт режимінде түсіріп отырады.
21 қыркүйек күні сағат 10:00–ден 21:00–ге дейін Тұңғыш президент саябағында "Alma Fest — 2025" алма фестивалі өтеді. Дәстүр бойынша саябақ аумағы молшылық пен ұлттық дәстүрлердің ауқымды мерекесіне айналады. Қонақтар үшін алма жәрмеңкесі, этноаймақ, қолөнер және гастрономиялық алаңдар, балмұздақ фестивалі, ашық аспан астындағы кинотеатр және басқа да қызықты іс-шара ұйымдастырылады. Фермерлер 100 тонна алма алып келеді.
Күні бойы DJ Dimash, DJ Angel, DJ Akhmetoff және DJ Big Boy сынды танымал диджейлер әуенмен әрлейді. Мерекенің шарықтау шегі үлкен концертті айтуға болады. Сахнада Әли Оқапов, QANAY, Еркеш Хасен, Royals Band, Talisman Band, ADEMI, BONAPART, ASTRA, Akimmich, Kesh You, Aya Funk, COLORIT, IONE және From.KZ өнер көрсетеді. Кіру тегін.
21 қыркүйек күні сағат 12:00 мен 15:00–де Тұңғыш президент саябағында алматылықтар мен қала қонақтарын әсерлі цирк шоуы күтеді. Ол үшін саябақта арнайы Шапито орнатылады. Акробаттар, әуе гимнасттары, жонглерлер, шебер эквилибристер және көңілді сайқымазақтар өнер көрсетіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. Билеттерді іс-шара күні шатыр жанындағы кассадан алуға болады. Бағасы –3000–4000 теңге аралығында.
Жалпы, Алматыда Қала күні аясында қаланың барлық ауданында экологиялық акция, жалпықалалық сенбілік, флешмоб, әр кітапханада әдеби кеш, музейлерде тақырыптық көрме өтеді. Бұдан бөлек, әлеуметтік маңызы бар нысандардың ашылуы, спорттық жарыстар, мәдени және қоғамдық іс-шаралар ұйымдастырылады.