Павлодар қаласында дене шынықтыру сабағы кезінде оқыс жағдай болып, салдарынан жеті оқушы ауруханаға жеткізілген. Бұл оқиғадан соң қылмыстық іс қозғалған, деп хабарлайды облыстық ПД-ға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Полицияның мәліметінше, 15 қыркүйекте қаладағы мектептердің біріндегі футбол алаңында дене шынықтыру сабағы кезінде оқыс жағдай болған.

"6-сынып оқушылары пластикалық бөтелкеге тұрмыстық еріткіш пен құбырларды тазалауға арналған құралды құйған. Реакция нәтижесінде ерітінді оқушыларға шашыраған. Жеті бала күйік алып, ауруханаға жеткізілді. Олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.

Балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды", — делінген хабарламада.

Сонымен қатар хабарламада кәмелетке толмағандардың және олардың ата-аналарының әрекеттері Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысында қаралатыны айтылған.

"Бұдан бөлек, тергеу барысында оқу орны әкімшілігінің іс-әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады. Оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталады", — делінген хабарламада.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз