НАТО-ның бірнеше елі Польшаға қосымша әскери техника жіберді.
Польша президенті Кароль Навроцкий НАТО елдері әскерлерін өз елінде орналастыруға келісім берді. Бұл туралы Польшаның ұлттық қауіпсіздік бюросы сайтында жазылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Польша президенті Кароль Навроцкий НАТО ұйымына мүше мемлекеттердің шетелдік әскери құрамаларын ел аумағында орналасуына келісім беретін жарлыққа қол қойды", – делінген ресми хабарламада.
12 қыркүйек күні НАТО Бас хатшысы Марк Рютте альянстың шығыс шекарасындағы қорғанысын күшейту мақсатында "Шығыс күзетшісі" операциясы басталғанын айтты. Бұған Ұлыбритания, Германия, Дания және Франция сияқты елдердің күштері жұмылдырылады.
Әскери операция 10 қыркүйекте Польша әуе кеңістігінде дрондар атып түсірілгеннен кейін басталды. Польша билігі бұл дрондар Ресейден келді деп мәлімдеді.
Ресейдің Варшавадағы елшілігі дрондардың Украина тарапынан келгенін айтты. Ресей қорғаныс министрлігі Польша аумағына шабуыл жасау жоспары болмағанын мәлімдеді. Олардың дерегінше, дрондардың ұшу қашықтығы 700 шақырымнан аспайды.
Бұл оқиғадан соң НАТО-ның бірнеше елі Польшаны қолдау үшін қосымша әскери техника жіберді. Атап айтқанда, Франция үш "Rafale" жойғыш ұшағын, Ұлыбритания "Eurofighter Typhoon" ұшақтарын, Чехия үш "Ми-17" тікұшағын және 100-ге жуық әскери қызметкерін, Швеция әуе шабуылынан қорғаныс жүйелері мен авиация жөнелтті.