Бүгін, 2025 жылғы 15 қыркүйекте, үкімет отырысында Қазақстан өңірлерінің жылыту маусымына дайындығы қаралды, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Премьер-министрдің орынбасары Роман Склярдың айтуынша, қазіргі таңда Павлодар облысының әлеуметтік нысандарына жылу берілген.

"1 қазанға дейін елдің солтүстік өңірлерінде де осындай жұмыс басталады", — деді ол.

Осыған байланысты Үкімет басшысы Олжас Бектенов Ақмола, Батыс Қазақстан, Абай және Ұлытау облыстарының әкімдеріне жөндеу жұмыстарын аяқтауды қатаң бақылауға алуды тапсырды.

"Келесі отырысқа дейін жұмыстар аяқталуға тиіс. Жеделдету сапаға әсер етпеуі керек. Орындамаған жағдайда тиісті қорытынды жасалады. Бұл барлық өңірге қатысты, жылыту маусымын дер кезінде бастау қажет", — деп атап өтті ол.

Еске салайық, 2025 жылғы 12 қыркүйекте Қазақстанда су мен жылудың тарифін қалыптастыру ережелері қайта қаралатыны хабарланған еді.