Қазақстанда проблемалық банктердің қызметін реттеудің жаңа тетігі енгізіледі.
Мемлекет қолдауына ие болған банктер жаңа инвесторға сатылып отырады, ал салынған мемлекеттік қаражат бюджетке қайтарылады. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Заң жобасында озық халықаралық практикаға сәйкес келетін төлемге қабілетсіз банктерді реттеудің жаңа тетігін енгізу көзделеді. Қолданыстағы тәсілден негізгі айырмашылық – дағдарысқа қарсы режимдердің айқын жүйесіне көшу, олар банктің қаржылық жағдайының нашарлау дәрежесіне байланысты дәйекті түрде қолданылатын болады.
Реттеу тетігі дағдарысқа қарсы үш режимнен тұрады: күшейтілген қадағалау, қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру және төлемге қабілетсіз банкті реттеу. Режимдердің өзгеруі алдын ала белгіленген триггерлер бойынша жүзеге асырылады, бұл реттеушінің уақтылы әрекет етуін және олардың болжамдылығын қамтамасыз етеді", – деді Мәдина Әбілқасымова.
Сөзінше, бұл тәсіл халықаралық стандартқа жатады. Мұны жетекші реттеушілердің көпшілігі, оның ішінде Еуропалық Одақ, АҚШ, Ұлыбритания енгізді.
"Банктердің қаржылық жағдайының нашарлауын болдырмау үшін банктерді қалпына келтіру жоспарларын және реттеу жоспарларын әзірлеуді көздейтін жаңа талаптар енгізіледі. Қалпына келтіру жоспарлары банкті дағдарысты жағдайдан шығару және төлем қабілетсіздігін болдырмау бойынша жан-жақты шараларды қамтиды. Мұндай жоспарларды әзірлеу және жыл сайын жаңарту банктердің міндеті болады.
Жүйелік маңызы бар банктер үшін шығындарды сіңіру қабілетінің жеткілікті деңгейін қолдау талабы енгізіледі, бұл төлем қабілетсіздігі туындаған жағдайда, олардың міндеттемелерін капиталға айырбастауға мүмкіндік береді және сыртқы қолдау қажеттілігін азайтады. Мемлекеттің банктерді қолдауға қатысуы тек шектен тыс шара ретінде жүйелік маңызы бар банктерге қолданылатын болады", – деді агенттік төрағасы.
Қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтау үшін жүйелік маңызы бар банктің капиталына тікелей кіруі мемлекеттік қолдаудың жалғыз нысаны болады.
"Мемлекеттің қатысуы уақытша әрі өтеулі сипатта болады және ең аз қажетті көлемде жүзеге асырылады. Бұл жағдайда банкке банк акционерлері мен басшылығын ауыстыру, дивидендтер мен бонустар төлеуге тыйым салу, тәуекелді операцияларды шектеу және қаржылық қалпына келтіру жоспарын іске асыру сияқты талаптар қойылады. Қаржылық орнықтылық қалпына келгеннен кейін банк жаңа инвесторға сатылады, ал салынған мемлекеттік қаражат бюджетке қайтарылады", – деді спикер.