Жамбыл облысын боксшылар мекені десек қателеспеспіз. Биыл өңір споршылары республикалық және халықаралық жарыстарда 924 медаль жеңіп алды. Оның ішінде жас боксшылар топ жарып тұр. Жалпы облыста 4 мыңнан астам спортшы бокспен тұрақты түрде айналысады.
Тараздағы №6 бокс мектебі 2001 жылы құрылды. Мұнда қазір 200-ден астам жасөспірім жаттығып жүр. Жас спортшылар айына 1-2 рет жарысқа қатысады. 18-жасқа дейінгі боксшылар арасында Азия және Қазақстан чемпиондары шыққан. Солардың бір Темірхан Жолмахан. 17 жастағы спортшы 7 жасынан бастап боксқа қатысқан. Бүгінде 2 дүркін Қазақстан чемпионы атанып, Азия чемпионатының күміс жүлдесін иеленді.
Темірхан Жолмахан, жас боксшы:
- Бұған дейін Бекзат Саттарханов, Марат Мәзімбаев сынды олимпиада чемпиондары шыққан. Соларға қарап қызықтым. Солардың артынан келе жатырмын. Мен де олипиаданы бағындырғым келеді. Бокс тек шынығу емес, бокс тәртіпке үйретеді. Сондықтан балдарды спортпен шұғылдануға шақырамын.
Өңірде кәсіпқой бокс клубы мен жасөспірімдерге арналған 3 спорт мектебі бар. Барлығы да боксты дамытуға үлес қосып отыр. Жалпы аймақта спорттың осы түрімен тұрақты айналысатын 4334 спортшы болса, оларды 169 бапкер баулып жүр. Қазір ұлттық құрама сапына өңірден 55 спортшы енген, оның 26-сы жасөспірімдер қатарында.
Марат Мәзімбаев, IBА чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері:
- Біз бокстасып жүргенде осындай спорт сарайы да болған жоқ. Жарыстарға шыққанда өзіміз қаражат іздеп, жарысқа баратынбыз. Қазір мүмкіндік жасалған. Енді тек қана балалардың өздерінің қолында. Еңбек етсе, үлкен жетістіктерге жетуге мүмкіндіктері бар.
Облыстың жас боксшылары биыл Әлем Кубогы мен Азия чемпионаттарында топ жарды. Оған қоса республикалық VI жастар спорт ойындарында облысы құрамасы 16 медаль жеңіп алды. Жалпы өңір саңлақтары жыл басынан түрлі республикалық және халықаралық жарыстарда 301 алтын, 265 күміс, 358 қола медальға ие болды.
Ғали Райымқұлов, облыстық Спорт басқармасы басшысының орынбасары:
- Біз қазір ауылдық жерлерде көп мән беріп жатырмыз. Биылдыққа 21 спорт мекемесін салу жоспарланған. Қазіргі таңда біреуі қолданысқа берілді, жыл соңына бейін тоғызы қолданысқа беріледі деп күтілуде. 10 келесі жылға өтпелі. ҚР туризм юәне спорт министрлігінің талдауына сәйкес Жамбыл облысы спорт базалары инфрақұрылым бойынша Қазақстанда көш бастап тұрмыз.
Жамбыл облысында спорттың 85 түрі қамтылған. Бүгінде 29 мыңнан аса адам кәсіби түрде спортпен шұғылданады. Сонымен қатар 503 мың тұрғын жүйелі түрде бұқаралық спортпен айналысады.
Авторлары: Мерей Бает Тимур Сейілхан Елдар Байділдә