Билеттер бағасы 30 000 теңгеден басталып , 250 000 теңгеге дейін барады.

"Қайрат" – "Реал Мадрид" матчының билеті 23 қыркүйек күні сатылымға шығады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Қайрат" футбол клубы УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі өз алаңындағы матчтарға билет сату тәртібі мен мерзімдерін жариялады.

"Қайрат" – "Реал Мадрид" матчының билеті 23 қыркүйек күні Алматы уақытымен 17:00-де клубтың ресми сайты мен Ticketon платформасында сатылымға шығады. Бір ЖСН бойынша бір адамға екі билеттен артық сатып алуға болмайды. Деректер сатып алу кезінде де, стадионға кіргенде де мұқият тексеріледі. УЕФА-мен келісілген және барлық ойынға бірыңғай болып белгіленген билеттің бағасы 30 000 теңгеден 250 000 теңгеге дейін болады", – делінген хабарламада.

Билеттердің бір бөлігі дәстүрлі түрде бекітілген әлеуметтік және клуб квоталары аясында бөлінеді. Олар "Қайрат" Академиясының және клуб филиалдарының бапкерлері мен тәрбиеленушілеріне, паралимпиадалық спорт түрлерінің спортшыларына, сондай-ақ клубтың қызметкерлері мен ардагерлеріне беріледі.

"Қайрат" футбол клубы желіде билеттің алдын ала сатылымы туралы жалған ақпарат таралып жатқанын ескертеді.

"Билетті тек ресми арналардан, яғни клубтың ресми сайты, Qairat SuperApp мобильді қосымшасы және Ticketon сервисі арқылы сатып алуыңызды сұраймыз. Осылай ғана алынған билет түпнұсқа болып, стадионға кіру құқығын береді", – деп хабарлады алматылық футбол клубы.

Айта кетейік, 30 қыркүйек күні Алматының Орталық Стадионында "Қайрат" – "Реал Мадрид" ойыны өтеді.