Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының және екінші деңгейдегі банктердің басшылығымен кезекті кездесу өтті, оның барысында қаржы секторын одан әрі дамытудың өзекті мәселелері талқыланды.

Іс-шараға Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова, Агенттік Төрағасының орынбасарлары, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы Кеңесінің Төрайымы Елена Бахмутова, екінші деңгейдегі банктердің басшылары қатысты.

Талқылаудың негізгі тақырыбы Мемлекет басшысының өткен жылғы 2 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасы бойынша Агенттік әзірлеген «Банктер және банк қызметі туралы» жаңа заң жобасы болды. Президент 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауы барысында заң жобасын жан-жақты пысықтауды және оны ағымдағы жылдың соңына дейін қабылдауды тапсырды. Жаңа заң экономикалық процестерді жандандыруға, ашық және тұрақты банк жүйесін нығайтуға, сондай-ақ қаржы технологиялық сектордың дамуын қолдауға арналған.

Заң жобасы қаржы нарығы өкілдерінің, отандық және халықаралық сарапшылардың белсенді қатысуымен қысқа мерзімде әзірленді. Шетелдік орталық банктермен және реттеушілермен консультациялар өткізілді. Ауқымды жұмыстың нәтижесінде өзекті сын-қатерлерді көрсетуге, нарыққа қатысушылардың пікірін ескеруге, сондай-ақ банк қызметін реттеудің озық халықаралық тәсілдерін енгізуге мүмкіндік туды.

Жаңа заңды әзірлеудің негізгі тәсілі банктерді реттеудің артық немесе ескірген нормаларын тексеру болды. Банк секторында қаржылық технологиялар мен инновацияларды енгізу үшін қолайлы жағдайлар жасау мәселелері қаралды.

Агенттік сонымен қатар негізгі және әмбебап банктік лицензияларды енгізуді ұсынады. Қазіргі уақытта Қазақстанда лицензияның бір түрі (әмбебап) көзделген және барлық банктер үшін бірыңғай талаптар белгіленген. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, микро және шағын бизнеске кредит беру үшін банктерге неғұрлым төмен реттеушілік талаптар белгілеуге болады.

Банктер мен қарыз алушылардың мүдделері арасындағы ақылға қонымды теңгерімді сақтау шеңберінде банктердің қаржылық қызметтерді тұтынушылармен өзара іс-әрекеті кезінде іс-қимылды қадағалау тетіктерін енгізу жоспарлануда.

Жаңа заң аясында дәстүрлі банктерге исламдық қаржылық өнімдерін ұсыну мүмкіндігін беру ұсынылады.

Банк жүйесінің орнықтылығын арттыру және тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында төлемге қабілетсіз банктерді реттеу жүйесі реформаланатын болады.

Жалпы, екінші деңгейдегі банктердің басшылары негізгі новеллаларды тұжырымдамалық түрде қолдап, дара кәсіпкерлерге кредит беруге, қаржы омбудсманы институтына, қоса қарыз алушының міндеттемелеріне, банктердің қызмет түрін кеңейтуге, сондай-ақ басшы қызметкерлерге қойылатын талаптарға қатысты жекелеген мәселелерді бөлек талқылауды ұсынды. Агенттік басшысы әрбір мәселе бойынша жұмыс тобы шеңберінде қосымша талқылаулар өтетінін атап өтті.

Кездесу барысында нормативтік-құқықтық актілерге тексеру жүргізу жұмысының нәтижелері талқыланды, тұтынушылық кредиттер және борыш жүктемесінің өсуіне жол бермеу жөніндегі Агенттіктің шаралары бойынша ағымдағы жағдай ұсынылды.

Кездесуге қатысушылар ипотекалық кредит беру серпінін де қарастырды, оның ішінде мөлшерлемелерге және екінші деңгейдегі банктерді тұрғын үй-құрылыс жинақ жүйесіне тарту мүмкіндіктеріне тоқталды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар қаржы нарығының одан әрі серпінді дамуын қамтамасыз ету мақсатында заң жобасы бойынша бірлескен сындарлы жұмысты жалғастыруға келісті.