Мемлекет басшысы 2025 жылғы 10 қыркүйектегі Жарлыққа қол қойды. Құжатқа сәйкес, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі туралы Ережеге өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Атап айтқанда, ережеге қызметтің жаңа функциялары енгізілді:

  • әскери-техникалық ынтымақтастықты жүзеге асыруға қатысады;
  • Мемлекеттік күзет қызметінің пайдаланылмайтын мүлкін тану туралы шешім қабылдайды;
  • оқ-дәрілерді жоюды жүзеге асырады;
  • пайдаланылмайтын қорғаныс нысандарын мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органға береді (Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда);
  • қару-жарақ пен әскери техниканың жаңа үлгілері және сатып алынуы ұсынылған түрлері үшін тактикалық-техникалық сипаттамаларды айқындайды;
  • мемлекеттік қорғаныс тапсырысының орындаушыларын таңдап, егер мемлекеттік қорғаныс тапсырысы аясында бюджет қаражаты Мемлекеттік күзет қызметінің бюджетінде көзделген болса, оларға бекітілген тапсырмаларды жеткізеді;
  • мемлекеттік қорғаныс тапсырысы шеңберінде сатып алынатын әскери мақсаттағы тауарлардың (өнімдердің), қос мақсаттағы тауарлардың, әскери мақсаттағы жұмыстар мен қызметтердің тізбесін әзірлейді және уәкілетті органмен келісу арқылы бекітеді;
  • құзыреті шегінде мемлекеттік қорғаныс тапсырысының орындалуын қамтамасыз етеді;
  • қару-жарақтың, әскери және арнайы техниканың, техникалық және арнайы құралдардың тәжірибелік үлгілеріне мемлекеттік сынақтар ұйымдастырады және өткізеді, оларды қарулануға, жарақтандыруға, қамтамасыз етуге және пайдалануға қабылдауға арналған құжаттаманы әзірлейді;
  • тәжірибелік үлгілерді қарулануға, жарақтандыруға, қамтамасыз етуге және пайдалануға қабылдауға арналған құжаттарды әзірлеуге, сондай-ақ оларды сериялы өндіріске беруге байланысты құжаттаманы келісуге қатысады;
  • тәжірибелік үлгілерді қарулануға, жарақтандыруға, қамтамасыз етуге және пайдалануға қабылдауды жүзеге асырады;
  • әскери ұлттық стандарттарды әзірлеуге, келісуге, өзгертуге және күшін жоюға қатысады;
  • өз құзыреті шегінде аумақтық қорғанысты жоспарлауға қатысады;
  • Қазақстан Республикасының заңдарымен және Президент актілерімен көзделген өзге де функцияларды орындайды;
  • қызметтің штаттық жасырын қызметкеріне және әрекеттегі резервтегі әскери қызметшіге тұрғын үй төлемдерін жүзеге асыру қағидаларын бекітеді;
  • әскери қызметшілерге далалық төлемдерді жүзеге асыру тәртібін белгілейді;
  • резервтегі әскери қызметшілердің жауынгерлік дайындық бойынша сабақтардан өту, оқу-жаттығуларға қатысу тәртібін айқындайды;
  • дағдарыс жағдайларында оқу-жаттығулар жарияланған кезде резервтегі әскери қызметшілердің әскери бөлімге (мекемеге) келу мерзімін және тәртібін анықтайды;
  • Қазақстан Республикасының заңдарымен және Президент актілерімен жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

Сонымен қатар, бірқатар функциялар жаңа редакцияда баяндалды:

  • қорғаныс өнеркәсібі мен мемлекеттік қорғаныс тапсырысы саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және іске асыруға қатысады;
  • Арнайы мақсаттағы күштерді әскери қызметшілермен жасақтау тәртібін және жоспарын айқындайды;
  • ведомстволық бюджет комиссиясын құрады, оның жұмыс органын анықтайды және комиссия туралы ережені, оның құзыреті мен құрамын бекітеді;
  • Мемлекеттік күзет қызметінің мүлкі мен бюджет қаражатын басқарады;
  • мемлекеттік органдардың бірінші басшыларымен бірлесіп, әскери қызмет атқару көзделген құрылымдарда әскери қызметшілерді конкурс арқылы іріктеу қағидаларын бекітеді (ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органмен келісу арқылы білім беру жеңілдіктерін алу үшін);
  • тұрғын үй комиссияларының қызметі мен Мемлекеттік күзет қызметінің ақпараттық жүйесінің жұмыс тәртібін белгілейді.

Сонымен бірге, Мемлекеттік күзет қызметіне қабылдау және онда қызмет атқару тәртібі "Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы" және "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" заңдармен айқындалатыны нақтыланады.

Арнайы мақсаттағы күштер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әскери қызметке шақырылатын азаматтар есебінен жасақталады.

Арнайы мақсаттағы күштерге мерзімді әскери қызметшілерді іріктеу басымдыққа ие.

Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.