13-21 қыркүйек аралығында Токиода жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты өтуде. Жарыста 200 елден 2000-нан аса спортшы сынға түсуде.

Қазақстандық жеңіл атлетика жанкүйерлері үшін қуанышты жаңалық. Токио төрінде өтіп жатқан әлем чемпионатында отандасымыз Нора Джеруто өзінің шеберлігін тағы бір дәлелдеп, іріктеу кезеңінен сүрінбей өтті.

15 қыркүйекте әйелдер арасында 3000 метрге тосқауылдар арқылы жүгіру сайысының іріктеу жарыстары өтті. Қазақстан намысын бұл сында Нора Джеруто мен Дейзи Джепкемей қорғаған еді. Нора алғашқы жүгіруде мәре сызығын екінші болып қиып, финалға тікелей жолдама алды. Ал өкінішке қарай, Дейзи Джепкемей өз тобында тоғызыншы орыннан әрі аса алмады. Регламентке сай, тек үздік бестік қана шешуші сынға өтті.

Енді бар үміт Нора Джерутода. 17 қыркүйекте өтетін финалда ол әлемнің мықтыларымен қатар жүлде үшін бақ сынайды. Бұл бәсекеде Нораның жеңісті жолын жалғастыратынына сенім зор.

Айта кетейік, аталған спортшылармен қатар әлем чемпионатында тағы үш спортшымыз - Полина Репина (35 км спорттық жүріс), Ясмина Тоқсанбаева (20 км спорттық жүріс), Галина Якушева (35 км спорттық жүріс) ел намысын қорғайды.