Акция кезінде демонстранттардың полициямен қақтығыстары орын алды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап.

Өткен сенбі күні Лондонның орталығында өткен заңсыз көші-қонға қарсы наразылық акциясына 100 мыңнан астам адам жиналды. Шараны ұлтшыл белсенді Стивен Яксли-Леннон (көпшілікке Томми Робинсон деген атпен белгілі) ұйымдастырды.

"Патшалықты біріктірейік" ұранымен өткен наразылық барысында полицияның елеулі күші жұмылдырылды. Көптеген адамдар тұтқындалғаны хабарланды.

Британ үкіметі заңсыз көші-қонға қатысты саясаты үшін барған сайын қысымға ұшырап отыр. Өткен демалыс күндері мыңнан астам мигрант шағын қайықтармен Ла-Маншты кесіп өтті. Соның нәтижесінде биыл Ұлыбританияға заңсыз келгендердің жалпы саны 30 мыңнан асты.