10 қыркүйек күні Ақордада Қазақстан тарихындағы маңызды дипломатиялық оқиғалардың бірі өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конго Демократиялық Республикасының Президенті Феликс Чисекедиді алғаш рет ресми сапармен қабылдады. Құрмет қарауылы, екі елдің әнұрандары, делегациялар таныстырылымы – хаттамалық рәсімдердің бәрі сақталды. Бірақ бұл сапардың мәні тек ресми салтанатта емес, оның мазмұнында болды.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бұл – тарихи сапар. Ол Қазақстан мен Конго арасындағы қарым-қатынасты дамытуға тың серпін береді. Еліңіз – табиғи және адами ресурстарға бай мемлекет. Халықаралық деңгейдегі рөлі артып келе жатыр. Бүгінгі келіссөздер Орталық Азия мен Африка арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді деп сенемін», – деп атап өтті. Мемлекет басшысы Африка елдерімен ынтымақтастықты нығайту – Қазақстан сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі екенін де қадап айтты.
Өз кезегінде Феликс Чисекеди Қазақстанның ядролық қарусыздану жолындағы тәжірибесін әлемге үлгі етіп, Астананың халықаралық бейбітшілікке қосып отырған үлесін жоғары бағалады.
Осы сөздерден-ақ бұл сапардың формалды емес, нақты мазмұнға толы екені аңғарылды. Бірнеше жылдан бері шешілмей келе жатқан Қазақстанның алып корпорациясы Eurasian Resources Group (ERG) пен Конгоның мемлекеттік Gecamines компаниясы арасындағы даудың түйіні дәл осы сапар аясында тарқатылды. Бұл – бір ғана корпорацияның емес, тұтас Қазақстанның стратегиялық мүддесінің жеңісі.
ERG – елдің тау-кен өнеркәсібіндегі басты тіректерінің бірі әрі әлемдік деңгейдегі ойыншы. Конгодағы оның жобалары мыс, кобальт, колтан, тантал секілді стратегиялық минералдармен тікелей байланысты. Бүгінгі күні бұл шикізаттар – смартфоннан бастап электромобильдерге дейінгі барлық жоғары технологиялық өндірістің негізі. Демек, Конгодағы жағдай Қазақстанның жаһандық жеткізу тізбегіндегі рөліне тікелей әсер етеді.
2023 жылы басталған дау ERG-нің жұмысын тұралатып, іс халықаралық арбитражға дейін жеткен. Gecamines кейбір активтерді тартып алуға тырысқан, Swanmines жобасындағы ортақ кәсіпорынды тоқтатқан. Бұл тек бизнес емес, Қазақстанның беделіне де соққы болып төнді.
Мәселе – компанияның бұрынғы басшылығының шешімсіздігі мен «бүлдірген» саясаты салдарынан ушығып кеткен еді. Олардың әлсіздігі Қазақстанның стратегиялық мүдделеріне қауіп төндірді. Бірақ жағдайды түбегейлі өзгерткен – жаңа буынның келуі. Президент Тоқаевтың тікелей араласуымен және қазіргі басшылықтың белсенді ұстанымымен мәселе толық шешімін тапты.
Ақордадағы қабылдау кезінде ERG директорлар кеңесінің төрағасы әрі бас атқарушы директоры Шухрат Ибрагимов екі ел арасындағы әріптестікті кеңейтуге сенім білдіріп:
«Қазақстан мен Конго тау-кен саласында бірін-бірін толықтыра алатын зор әлеуетке ие. Қазақстан жаңа инвестициялық кезеңді бастап, жоғары технологиялық салаларды қолдауды көздеп отыр. Ал Конго стратегиялық минералдарға бай ел ретінде әлемдік жеткізу тізбегінде аса маңызды орын алады. Бұл оны инвесторлар үшін ерекше тартымды бағытқа айналдырады», – деді.
Осы келісім Swanmines жобасын қайта іске қосып қана қоймай, халықаралық арбитраждағы дауларды тоқтатты, Gecamines-тің рөлін кеңейтті. Бұл – тек компания үшін емес, Қазақстанның сыртқы экономикалық саясаты үшін де үлкен жеңіс. Себебі Африка – болашақ индустрияға қажетті стратегиялық шикізаттың басты көзі. Кім осы нарықта орнықты жұмыс істесе, сол ертеңгі технологиялық әлемнің қақ төрінде отырады.
Бұл жағдайды ел ішіндегі басқа оқиғалармен салыстырғанда контраст анық көрінеді. Қазақстандағы тағы бір алпауыт кәсіпкер Тимур Турловтың иелігіндегі «БАСТ» АҚ шығынға батып, дивиденд төлемейтінін жариялады. Акциялары құлдырап, елдегі жалғыз никель өндіретін кәсіпорын тығырықтан шыға алмай отыр. Яғни, Турлов жеке капиталының көлемін арттырса да, ел мүддесіне қатысты нақты жетістік көрсете алмай отыр. Ал дәл осы уақытта ERG халықаралық дауын шешіп, Қазақстанның стратегиялық мүддесін қорғады. Бұл жаңа экономикалық элитаның ескі капитал иелерінен айырмашылығын айқын көрсетіп отыр.
Демек, Тоқаев пен Чисекедидің кездесуі жай ғана дипломатиялық хаттама емес, Қазақстанның жаңа экономикалық траекториясының бастауы болды. Бірнеше жылға созылған дау шешілді, ұлттық компаниямыз Африкадағы ірі ойыншы мәртебесін бекітті, жаңа буын менеджменті ескі олигархтардың қалдырған проблемаларын түзетті. Бұл – Қазақстанның болашаққа ұмтылғанының нақты дәлелі. Африка – біздің жаңа мүмкіндігіміз, ал ERG – сол көпірдің алғашқы берік кірпіші.