Әлемдегі №1 криптовалюта қазіргі 115 мың доллардан 15,5 мың долларға дейін бір-ақ құлауы да ғажап емес.

Сарапшылар биткоиннің кестесінде асқақтаған трендінің түгесілуге таяғанынан хабар беретін "Өлім крестінің" (Death cross) қалыптасып жатқанын ескертті.

Yonsei_dent бүркеншік атымен белгілі CryptoQuant аналитигінің мәлімдеуінше, MVRV ончейн-индикаторы "Өлім крестін" түзді, бұл биткоиннің өрлеуші серпінінің әлсірегенін көрсетуі мүмкін.

Соңғы рет бұл индикатор мұндай "аю" қозғалысын 2021 жылғы циклдің шырқау шегінде паш еткен болатын. Содан кейін, 2022 жылы биткоиннің бағамы бірден 77%-ға – 69 000 доллардан 15 500 долларға дейін күйреді.

Алайда ончейн-көрсеткіштер биткоин раллиінің әзірге "сөнбегеніне" сендіреді. Мысалы, MVRV Z-Score индикаторы криптовалюта тарихында нарықтың шырқау шыңға шыққанын айғақтайтын бұрынғы деңгейлерден әлі де төмен жатыр. MVRV Z-Score көрсеткішінде бұл 7 мен 9 диапазонына сәйкес келеді. Қазіргі кезде бұл көрсеткіш шамамен 2 межесінде тұр.

Жалпы, бұрын атақты сарапшылар биткоиннің миллион долларға дейін өсетінін жариялаудан жалықпайтын. Бүгінде ондай оптимистік болжамдар сиреді. "10x Research" аналитиктері бірінші криптовалюта бағасының тіпті 200 000 долларға дейін жету мүмкіндігін "төтенше төмен" деп бағалады.

Керісінше, енді үрейлі, пессимистік жорамалдар жеткілікті. WhaleWire талдау тұғырнамасының бас директоры Джейкоб Кинг (Jacob Kinge) әлемнің тұңғыш криптовалютасының күйрейтін уақыты таяп келе жатқанын ескертті. Ол биткоиннің апат ауқымындағы "қирауға" ұшырайтынын мәлімдеді. Бұған себеп – кезінде еркін әрі әртараптандырылған деп саналған №1-ші криптовалютаның майнингі бүгінде шектен тыс орталықтандырылған.

Кингтің мәліметінше, қазіргі кезде небәрі 2 майнингтік пул – Foundry USA мен AntPool желінің хешрейтінің басым бөлігін бақылауында ұстайды.

"Осының кесірінен майнинг орталықтандырылған процеске айналды. "Атака 51%" үшін қолайлы жағдайлар қалыптасты", – деді сарапшы. "Атака 51%" дегеніміз – PoW-блокчейндегі осалдық. Қаскөйлер соның көмегімен транзакцияларды растау мен блоктарды генерациялауды бақылауды басып алады.

Бұл қаскүнемдердің алдынан мол мүмкіндіктер өрісін ашады. 51% және одан көп қуаттылықты қолға түсірген шабуылдаушылар:

• Басқа майнерлер мен валидаторлардың блоктарды табуына жол бермейді (selfish mining);

• Биржалардан, айырбастаушылардан, қызмет жеткізушілерден ұрлау үшін монеталардың қосарланған шығынын ұйымдастырады (double spend);

• Транзакциялар мен блоктардың расталуына мүмкіндік бермейді;

• Блок үшін марапаттар мен транзакциялардың комиссияларын тартып алады;

• Кез келген контрактілерден қаржы ұрлайды;

• Желінің күрделілігін кемітеді;

• Генезис-блокпен даталанбаған монеталарды ұрлайды;

• Контрактілерді немесе транзакциялар тарихын өшіреді және басқа да былықтарды жасай алады.

Мысалы, 2018 жылғы қарашада Aurum Coin-ге "Атака 51%" кезінде Cryptopia биржасынан жарты миллионнан астам қаржы ұрланды. Monacoin, Zencash, Verge, Litecoin Cash те осындай шабуылға душар болды. Бұл оларда көп миллион долларлық шығынға соқтырды.

Кингті ірі инвесторлардың әдеттен тыс белсенділігі де тіксінтті: олар әмияндарынан ақшасын шығарып әкетіп, биткоиннен жаппай арылуда.

"Мәселе биткоиннің күйрейтінінде немесе күйремейтінінде емес. Енді әңгіме тек биткоиннің қашан күйрейтінінде ғана болып тұр!", – деп нықтады Джейкоб Кинг.

Кинг бұрын биткоинге қаржы салған, енді одан құтылуға тырысып жатқан инвесторлардың көңіл-күйіне Америка Құрама Штаттарының қаржы министрі Скотт Бессенттің мәлімдемесі ғаламат теріс ықпал еткенін қаперге салды. Американың бас қаржыгері АҚШ-тың биткоинді мемлекеттік резерв үшін сатып алмайтынын жариялады. Бұл – жаһанның нөмір бірінші супердержавасы нөмір бірінші криптовалютаны қаржылық құрал деп санамайтынын паш етеді.

Бұдан бөлек, Rich Dad (Бай әке) арнасында атақты миллиардер-инвестор және жазушы Роберт Кийосакимен (Robert Kiyosaki) әңгімілесу барысында белгілі экономист Гарри Дент (Harry Dent) те биткоиннің күйрейтін кезі таяп қалғанын ескерткен болатын.

Оның байламынша, әрбір инвестор үшін маңызды 3 қаржылық кестеде – биткоиннің, Nasdaq 100 пен Nvidia-ның графигінде криптовалютаға төніп келе жатқан күйреу қаупінің нышандары байқалады.

Дент нарықтардың ұзақмерзімді циклдарын зерттеуімен белгілі. Оның мәліметінше, технологиялармен, криптовалюталармен және жасанды интеллектпен байланысты активтердің серпінді өсімі шырқау шегіне жетті, ар жағында төменге құлдилау қалып тұр.

Доллар бүкіл әлемде (Қазақстаннан басқасында) әлсіреуде, инфляциялық қысым артуда. Сондықтан экономистің тұжырымдауынша, нарықтар тарихтағы аса ірі қайта жүктелуге жақындап келеді.

"Менің үстелімде 3 график тұр: Nasdaq 100, биткоин және Nvidia. Барлығы өсуде, бірақ бұрынғы тегеурінді қарқыны жоқ. Бұл біздің шырқау шыңға өте таяп келгенімізді білдіреді, содан кейін алапат құлдырау болуы мүмкін. Бұған дейін бізде қуатты түрткілер болды, жаңа технологиялар екпінді дамыды. Алайда жаңа цикл алда коррекцияның келе жатқанын көрсетеді", – деп болжады Дент.

Экономист әсіресе, криптовалюталардың "нысанаға іліккенін" жеткізді. Тамыз айының ортасында биткоин 115 000 доллардан жоғары деңгейде құбылды. Соған қарамастан одан капитал кетіп жатыр.

Денттің пікірінше, криптовалюталардың басты құндылығы – қаржылардың децентрализациясы мен автоматизациясы. Алайда биткоин алғашқысын жоғалта бастады.

"Биткоин болашақта әлемді өзгерте алады, бірақ қазіргі кезеңде ол алдағы күйреуден қашып құтыла алмайды. Мен жасанды зерде мен биткоинді қатты ұнатамын. Алайда мойындауым керек, таяудағы екі жылда айтарлықтай құлдырау жүзеге асуы ықтимал. Ол нарықты басыартық нәрселерден тазартады және нағыз өсім үшін іргетасты дайындайды", – деп мәлімдеді Гарри Дент.

Роберт Кийосаки Денттің тоқтамымен келісті. Сондай-ақ, әлемге ғаламат экономикалық "коллапс" төніп келе жатқаны туралы бұған дейін өзі де бірнеше рет ескерткенін еске салды. Кийосаки көрермендерін жинағын кез келген шетелдік валютада сақтамауға, оның орнына алтын мен күміске ауысуға кеңес берді.

Өз кезегінде BlackRock бас директоры Ларри Финк (Larry Fink) биткоинді "үрейдің валютасы" деп бағалады. Бірақ ол "ұлттық валюталардың девальвациясы мен экономикалық алмағайып шақтарда биткоин жинақты сақтау құралы қызметін атқаруы мүмкін" деген ойын жеткізді.

Сонымен қатар, BlackRock басшысы биткоиннің дәстүрлі валюталарды ауыстыра алатынына сенбейтінін білдірді.

"Адамдар биткоинді үрейленгеннен сатып алады. Олар өз еліндегі тұрақсыздықтан немесе валютаның құнсыздануынан қорқады. Бұл – мықты дәйек және ол биткоинге сұранысты арттырады", – деді Финк.

Бұған дейін ол Ауғанстандағы атын атамаған әлдебір әйелді мысалға келтірген болатын: ол тәліптердің тыйымдарын айналып өту үшін өзіне жұмыс жасайтын әйелдерге биткоинмен айлық төлеген екен. Сарапшы осы әйелмен әңгімелескеннен кейін биткоиннің де адамзатқа керектігіне көз жеткізгенін мәлім етті.

Айтпақшы, CryptoQuant ончейн-платформасының аналитиктері нарықта биткоин-инвесторлардың жаппай капитуляциясы басталғанын жария етті. Соңғы айларда №1-ші криптовалютаны сатып алған инвесторлар одан белсенді арылып, шығын тіркеуде. Трейдерлер мұны "түзелу" деп атады және оның апаттық сипаты жоқтығын тұспалдады.

Осы орайда Bits.media жазуынша, америкалық экономист және криптоскептик Питер Шифф (Peter Schiff) биткоиннің бағамы 75 000 долларға дейін құлайтынын болжады.

Біз өз кезегімізде бұл материалдың тек ағартушылық мақсатты көздейтінін және қандай да бір қаржы құралын сатып алуға қатысты ұсыныс-рекомендация болып табылмайтынын ескертеміз. Инвестиция салу туралы шешімді әрбір адам мамандармен кеңесе отырып, өз бетінше қабылдауы қажет.

Бұдан бөлек, Парламент қабылдаған заңнамалық түзетулерге сәйкес, 2024 жылы биткоинді, мемкоиндерді, стейблкоиндерді және басқа криптовалюталар мен цифрлық активтерді сатып алған-сатқан азаматтар 2025 жылғы 15 қыркүйекке дейін декларация тапсыруға және 25 қыркүйекке дейін өз бетінше салығын төлеуге тиістігін еске саламыз.