Қазақстан азаматтығынан бас тартқандардың саны азайып келеді. Бұл жөнінде бүгін Азаматтық мәселелер жөніндегі комиссияның кезекті отырысын өткізген Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мәлімдеді.
Соңғы 6 жылда статистикада оң өзгеріс байқалады. 2019 жылы 1,7 мың адам Қазақстан азаматтығынан бас тартса, 2020 жылы 944, 2021 жылы 123, 2022 жылы 114, 2023 жылы 107, ал былтыр 77 адам азаматтықтан шыққан. Мұның бәрі Қазақстан азаматтығы институтының абырой-беделі артып келе жатқанын және тұрғындардың ел болашағына деген сенімінің нығая түскенін көрсетеді. Былтырдан бастап Қазақстан азаматтығын алушыларға да заң бойынша жаңа талаптар енгізілді.
Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:
- Сол заңға сәйкес Қазақстан азаматтығын алған жағдайда немесе қалпына келтірген жағдайда өтінім білдірушілер мемлекеттік тілді білу бойынша арнайы тест тапсыруы керек. Одан басқа Қазақстан Республикасының Конституциясы, тарихы бойынша белгіленген тәртіпке сәкес тест тапсыруы керек. Бұл да Қазақстан азаматтығын иеленушілерге ана тіліміздің мәртебесін арттыруға, сыйлауға, тарихын, заңды сыйлауға, құрметтеуге, дәріптеге, ынталандыруға бағытталған шешімдердің бірі.