Қазақстанда ҚР ВЕЖ 7.2-001-2024 "Көпірлік құрылыстарды мониторингілеу жүйелері" атты жаңа ведомстволық ережелер жинағы әзірленді. Бұл құжат алғаш рет нормативтік деңгейде жаңа салынған және қайта жаңғыртылған көпірлердің, жолөткізгіштердің, эстакадалардың және виадуктардың техникалық жай-күйін бақылауға қойылатын талаптарды бекітеді.

Жаңа ережелер жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға және материалдық құндылықтарды сақтауға бағытталған. Мониторинг жүйелері құрылымдардың нақты жағдайын тіркеп, климаттық факторлардың әсерін және автокөліктен түсетін шамадан тыс жүктемелерді ескеретін болады. Бұл ықтимал тәуекелдерге жедел әрекет етуге және жол инфрақұрылымы нысандарында апаттық жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Фото: АҚ "ҚазжолҒЗИ"

"Бүгінде Қазақстанда үш жарым мыңнан астам автомобиль жолдарының көпірлік құрылыстары пайдаланылуда, олардың едәуір бөлігі қызмет ету мерзімінің соңына жақындап келеді. Мониторинг жүйелерін енгізу әрбір нысанның жай-күйі туралы объективті деректер алуға және шешімдерді тек визуалды тексерулерге емес, нақты фактілерге сүйене отырып қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл елдің бүкіл көлік желісінің сенімділігін арттырудағы маңызды қадам", — деп атап өтті "ҚазжолҒЗИ" өкілдері.

Қазақстанда көпірлерді мониторингілеудің жаңа ережелері бекітілді
Фото: АҚ "ҚазжолҒЗИ"

Еске сала кетейік, бұған дейін "ҚазжолҒЗИ" көпірлерге мониторинг жүргізудің мобильді технологиясын енгізген болатын. Ол жасырын ақауларды анықтап, апаттардың алдын бірнеше минут ішінде алуға мүмкіндік береді. Енді құрылыстардың жағдайын бағалау үшін ауыр арнайы техника немесе қозғалысты жабу талап етілмейді. Институт сондай-ақ жаңа буындағы мобильді өлшеу кешенін қолдана бастады, ол жол инфрақұрылымының қауіпсіздігіне әсер ететін ықтимал ақауларды жедел тіркеуге мүмкіндік береді. Бұл технология бүгінде елдің әртүрлі өңірлеріндегі көпірлерді тексеру кезінде қолданылып жүр.

Қазақстанда көпірлерді мониторингілеудің жаңа ережелері бекітілді
Фото: АҚ "ҚазжолҒЗИ"

ҚР ВЕЖ 7.2-001-2024 құжаты қолданыстағы құрылыс нормалары мен ережелерін толықтыру ретінде әзірленді. Олардың қатарына ҚНжЕ ҚР 3.02-05, ҚНжЕ 3.06.04, ҚР ҚН 3.03-12, сондай-ақ ҚР ЕЖ 3.03-112 және ҚР ЕЖ 3.03-113 жинақтары кіреді. Сарапшылардың айтуынша, жаңа құжаттың енгізілуі ақауларды ерте анықтау есебінен көпірлерді күтіп ұстауға жұмсалатын шығындарды азайтып, жол саласының жалпы қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз