Түркістан облысында туған әкесін ұрып-соғып , өлімші еткен ер адамға қатысты резонансты іс тергеліп жатыр. Қылмыстық іс ер адамның жұбайының да үстінен қозғалды.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қарт кісінің қаза болуына байланысты ұлына қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы 3-бөлігі («Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, жәбірленушінің өліміне әкеп соққан») бойынша іс тіркелген. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

Сонымен қатар, оның жұбайына қатысты да жеке тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оған ҚР ҚК-нің 109-1-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы («Кінәлі адамға белгілі, дәрменсіз жағдайда немесе материалдық не өзге де тәуелділікте тұрған тұлғаға қол жұмсау») бойынша іс қозғалған.

«Алдын ала тергеу барысында барлық қажетті тергеу әрекеті жүргізіліп, болған оқиғаның мән-жайы толық анықталады. Нәтижесінде заңға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады. Сонымен бірге барлық уәждер тексеріліп, тергеу аяқталған соң қатысушылардың әрекетіне құқықтық баға беріледі», – деп мәлімдеді полиция өкілдері агенттікке берген жауабында.

Полицияның айтуынша, марқұмның өліміне әкеп соққан оқиғаға дейін жәбірленушінің өзі немесе өзге адамдар тарапынан тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша құқық қорғау органдарына шағым түспеген.