Қаржы мониторингі агенттігі бірқатар стоматологиялық клиникаларды тексеруді бастап кетті.

Биылғы 15 қыркүйектен 2026 жылдың 15 сәуіріне дейін enpf-otbasy.kz платформасында тіс емдеуге өтініш қабылдау уақытша тоқтатылады. Осы күнге дейін берілген өтініштер әдеттегі тәртіппен қаралады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Отбасы банк" баспасөз қызметінің хабарлауынша, осы уақыт аралығында мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, тіс емдеуге зейнетақы ақшасын пайдалану барысында алаяқтық әрекеттердің алдын алу үшін тиімді жүйе әзірленбек.

2021 жыл мен 2025 жылдың 20 тамызы аралығында Отбасы банкінің enpf-otbasy.kz платформасы арқылы тек "Стоматологиялық қызметтер" бағыты бойынша 757 млрд теңгеге 795 424 транзакция жасалған. Талдау көрсеткендей, соның 222,61 млрд теңгесі ТОП-20 стоматологиялық клиникаға түскен. Бұл клиникалардың жартысы Атырауда, қалғандары Алматы мен Астанада орналасқан. Тек Атырауда орналасқан клиникалардың біріне ғана азаматтар зейнетақы жинақтарының артығынан 22,9 млрд теңге аударған.

"Клиенттердің бірі 11 рет БЖЗҚ-дағы қаражатты тіс емдеуге пайдалану үшін өтініш берген. Оның жалпы тіс емдеуге алған сомасы 32,6 млн теңге. Егер бір имплант пен тіс тәжін орнату құны 500 мың теңге деп есептесек, 65 имплант қоюға жетерлік қаражат алынған. Тағы бір клиент тісін емдеуге 24,7 млн теңге жұмсаған. Бұл қаражат бірден стоматологияға аударылған. Келесі жағдайда клиент тіс емдеу үшін зейнетақы жинағының артығын пайдалануға, 27 рет өтініш берген. Нәтижесінде 13,1 млн теңге аударылған. Көбіне еліміздің түпкір-түпкірінде тұратын азаматтар тісін Атыраудағы стоматологияларда емдетуді таңдаған", – делінген хабарламада.

Қазақстандықтар банкке құжат тапсырғанда, кейбір жағдайларда жалған анықтамалар берілгені анықталып отыр. Бұл БЖЗҚ-дағы қаражаттың мақсатсыз пайдаланылғанын көрсетеді, дейді Отбасы банк:

• Стоматологиялық клиникалармен қызмет көрсету туралы жалған келісімшарттар жасалған (қол, мөрлерді, клиенттің жеке деректерін қолдан жасау). Мысалы, әртүрлі азаматтардың емдеу жоспарына бір стоматологиядан алынған бірдей 3D-суреттер тіркелген;

• Бір анықтаманы пайдаланып бірнеше өтініш беру жағдайлары болған. Яғни банкке бір ғана ДКҚ (дәрігерлік комиссия қорытындысы) тіркеліп, сонымен қатар бір стоматологиямен әртүрлі келісімшарттар жасалып, барлық өтініштер сол алғашқы кезеңде өткізіліп отырған;

• Дәрігерлік комиссия қорытындыларын қолдан жасау жағдайлары анықталды. Қызметтік тексерулер барысында құжаттарды қолдан жасаудың нақты деректері белгілі болды: ДКҚ азаматтың тіркелген жері бойынша емес, басқа жерден берілген;

• сонымен қатар дәрігерлердің қолдары да жалған болып шыққан. Мұндай жағдайларды тексеру үшін банк қызметкерлеріне медициналық ұйымдарға баруға тура келді;

• Кейбір стоматологиялардың заңды тұлға ретінде тіркелмегені анықталды (ЖШС/ЖК);

• elicense.kz сайтында лицензиясы жоқ стоматологияларға БЗҚ қаражаттарының аударылғаны белгілі болды. Кейбір клиникалар ұсынған лицензиялардың қағаз нұсқалары да күмән туғызды;

• Қызметтік тексерулер нәтижесінде кейбір стоматологиялармен келісімшарт жасалғанымен, олар іс жүзінде медициналық қызмет көрсетпегені және бенефициар ретінде тіркелмегені анықталды.

"Анықталған барлық фактілер Қазақстанда зейнетақы жинақтарын мақсатсыз пайдалану бойынша кең, ауқымды, заңсыз бизнес жолға қойылғанын көрсетіп отыр. Күдік тудырған схемаларға қатысты материалдарды банк құқық қорғау органдарына жолдады. Белгілі болғандай, Қаржы мониторингі агенттігі бірқатар стоматологиялық клиникалардың зейнетақы жинақтарын мақсатсыз пайдалануына байланысты тексеру жұмыстарын бастап кетті", – делінген ақпаратта.