Қаржы министрі 2025 жылғы 9 қыркүйектегі бұйрығымен мемлекеттік мүлік реестрін жүргізу қағидаларына өзгерістер енгізді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Түзетулерге сәйкес, веб-порталға қол жеткізу деңгейі бойынша пайдаланушылар мынадай санаттарға бөлінеді:

  • жеке және заңды тұлғалар;
  • мемлекеттік заңды тұлғалар;
  • салалық уәкілетті органдар;
  • мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган;
  • сыртқы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жөніндегі уәкілетті орган;
  • мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган;
  • облыстық уәкілетті орган және облыс бюджетінің атқарылуын бақылау жөніндегі мемлекеттік орган;
  • аудандық уәкілетті орган және аудан бюджетінің атқарылуын бақылау жөніндегі мемлекеттік орган;
  • жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын, акционерлік қоғамдардың мемлекеттік акциялар пакетін және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердегі үлестерді иелену мен пайдалануды жүзеге асыруға, сондай-ақ коммуналдық заңды тұлғаларды басқаруға өкілетті атқарушы органдар;
  • монополияға қарсы орган және оның аумақтық бөлімшелері;

Бас прокуратура, облыстардың прокуратуралары, сондай-ақ оларға теңестірілген прокуратуралар (республикалық маңызы бар қалалар мен Астана).

Сонымен қатар қағидаларға жаңа ұғым енгізілді:

  • мемлекеттік мүліктің өтінімдік тізбесі – мемлекетке тиесілі бақылау пакеті бар заңды тұлғалардың тізімі. Ол мемлекеттік мүлік реестрінің веб-порталында орналастырылады және осы бойынша әлеуетті сатып алушылар (инвесторлар) жекешелендіру процесін бастамалай алады.

Аталған тізбе мемлекеттік міндеттерді шешу үшін қажетті түрлі динамикалық көрсеткіштері бар мемлекеттік реестрдің қосымша бөлімінде орналастырылады.

Бұйрық 2025 жылғы 1 қарашадан бастап қолданысқа енгізіледі.