Халықаралық қауымдастық өз алаңдаушылығын жеткізді.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Палестина мемлекетінің құрылуына жол бермейтінін кесіп айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Интерфакс агенттігіне сілтеме жасап.

The Times of Israel жазуынша, Нетаньяху бұл мәлімдемені Иордан өзенінің Батыс жағалауына жасаған сапарында айтқан.

"Біз Палестина мемлекеті құрылмайтыны жөніндегі уәдемізде тұрамыз. Бұл жер – біздікі. Өз мұрамызды, жерімізді және қауіпсіздігімізді сақтаймыз", – деді Израиль премьер-министрі.

Бұған дейін тамызда елдің азаматтық әкімшілігі жанындағы жоспарлау комитеті E1 жобасын қабылдады. Бұл құжатта Иордан өзенінің Батыс жағалауында жаңа қоныстар салынатыны жазылған. Жаңа жоба Иерусалимнің шығыс бөлігі мен Батыс жағалаудағы Эль-Эзариа араб қаласының арасындағы 12 шаршы шақырым аумақтан тұрады.

Израиль осылайша Маале Адумим мен Иерусалимнің арасындағы елдімекендерді біріктірмекші. Негізгі мақсат Шығыс Иерусалим аймағындағы израильдік аумақты кеңейту болып отыр.

БҰҰ бұл жоба екі елдің арасындағы бейбітшіліктің орнауына кедергі жасайтынын жеткізді.