Алматы облысының Қарасай ауданына қарасты Жібек Жолы ауылындағы ұн өнімдерін өндіретін цехта жарылыс болып, арты өртке ұласқан. Бұл туралы Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады, деп жазады El.kz ақпарат агенттігі.

Ведомство мәліметінше, оқиға 23 мамыр күні болған, алайда бейнежазба 26 мамырда әлеуметтік желіде жарияланған. Салдарынан бір адам қаза тауып, төрт адам жарақат алған.

Өрт тоғыз қабатты элеватор ғимаратының бірінші қабатында орналасқан дән қалдықтарының шаң-ауа қоспасы жарылысының салдарынан шыққан. Оқиға орнына Алматы облыстық ТЖД-ның күштері мен құралдары дереу жіберілді. Келген кезде ғимарат ішінде қою түтін байқалды. Жедел штаб құрылып, төрт бағытта өрт сөндіру жұмыстары ұйымдастырылды, – деп хабарлады департамент өкілдері.

Өрт толықтай сөндірілген. Жалын шарпыған аумақ – 1377 шаршы метрді құрады.

Оқыс оқиғаны ауыздықтауға 100-ден астам маман мен 31 техника жұмылдырылған.

Қазіргі таңда компания оқиғаның себептерін анықтау мақсатында ішкі тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.