15 қыркүйектен бастап Қазақстанда зейнетақы қорындағы қаражатты стоматологиялық қызметтерге пайдалану үшін өтінім қабылдау уақытша тоқтатылды. Бұл шектеулер 2026 жылдың 15 сәуіріне дейін жалғасатын болды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Тіс емдеуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану үшін өтінім қабылдау уақытша тоқтатылғанын "Отбасы банк" өкілдері хабарлаған болатын.

Енді бұл шектеулердің қай уақытқа дейін созылатыны белгілі болды. Банк қызметкерлерінің мәліметінше, үкімет шешіміне сәйкес, enpf-otbasy.kz платформасы арқылы стоматологиялық қызметтерге өтінім беру мүмкіндігі 2025 жылдың 15 қыркүйегінен 2026 жылдың 15 сәуіріне дейін уақытша тоқтатылады. Бұл шектеу зейнетақы қаражатын мақсатсыз пайдалану және құжаттарды қолдан жасау фактілерінің жиілеп кетуіне байланысты енгізілді.

"Шектеу кезеңінде уәкілетті органдар алаяқтық схемаларды болдырмауға және зейнетақы жинақтарын пайдаланудың ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған жаңа механизмдерді әзірлейді", — делінген ресми хабарламада.

Жария болған мәліметтерге сәйкес, 2021 жылдан бері Отбасы банк платформасы арқылы "Стоматологиялық қызметтер" бағыты бойынша 757 млрд теңгеге 795 мыңнан астам транзакция жасалған.

"Талдау нәтижесі бойынша, осы қаражаттың шамамен 223 млрд теңгесі 20 ірі стоматологиялық клиникаға тиесілі болған. Олардың жартысы Атырау қаласында орналасқан, қалғаны Алматы мен Астанада болған", — деп хабарлады банк өкілдері.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз