Бүгін Маңғыстау облысында жантүршігерлік жол апаты болып, салдарынан 10 адам қаза тапты. Жол-көлік оқиғасына қатысты жаңа деректер белгілі болды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
ІІМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, Маңғыстау облысында 10 адамның өмірін қиған қайғылы жол-көлік оқиғасына байланысты Ішкі істер министрінің тапсырмасымен жедел штаб құрылды. Штаб тәулік бойы жұмыс істейді.
"Министр қылмыстық істің тергеу барысын өз бақылауына алды. Қазіргі уақытта тергеу аясында жүргізушінің іс-қимылы, көліктің техникалық жағдайы, маршрут және тасымалдау шарттары тексерілуде", — деді ІІМ ресми өкілі — департамент бастығы Шыңғыс Алекешев.
Анықталғандай, жолаушылар қасиетті Бекет-Атаға қажылық сапарға шыққан. Барлығы Қазақстан азаматтары, әртүрлі өңірлерден келген. Зардап шеккендер ауруханаға жеткізілді, оларға барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде.
Ішкі істер министрлігі әкімдіктер мен профильді мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына кешенді көмек ұйымдастыруда, соның ішінде:
- қаза тапқандардың денесін өңірлерге жеткізу;
- туыстарымен тұрақты байланыс орнату;
- жерлеу рәсімін ұйымдастыруға көмек көрсету;
- заң аясында, сақтандыру және ұйымдастырушылық мәселелерді шешуге қолдау.
Туыстарына барлық ақпарат дереу беріліп отырады.
"Ішкі істер министрлігі қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Сонымен қатар барлық жүргізуші мен тасымалдауды ұйымдастырушыларды жолда қауіпті жағдай тудырмас үшін шаршаған күйде рөлге отырмауға, көлікке артық жүк салмауға шақырамыз. Шаршаған жүргізушінің өзі үлкен апатқа себеп болуы мүмкін", — деді Шыңғыс Алекешев.
Айта кетейік, жол апаты 11 қыркүйек күні Маңғыстау облысы Қарақия ауданы Сенек елді мекенінен 90 шақырым қашықтықта болған. Жол апатының салдарынан 8 адам оқиға орнында көз жұмды, тағы екі адам ауруханаға жеткізу барысында қайтыс болды. Жүргізуші мен екі жолаушы түрлі жарақаттармен ауруханаға жатқызылды
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз