Қызылордада бейнебақылау камерасын сындырған сотталғанға қосымша жаза тағайындалды. Сот Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №60 мекемесінде жазасын өтеп жүрген сотталғанға қатысты осындай үкім шығарды, деп жазады Egemen.kz.
Бұған дейін ол ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабы бойынша сотталған екен. Одан да сабақ алмаған ол серуендеу алаңындағы бейнебақылау камерасын сындырып, мекеме мүлкін бүлдіреді. Мекеме әкімшілігі Қызылорда қалалық сотына келтірілген залалды өтеу туралы арызбен жүгініп, сот барысында сотталғанның заңсыз әрекеті толық дәлелденіп, ол кінәсін мойындайды.
Сот үкімімен ол ҚР ҚК-нің 428-1-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, үстінен қосымша 1 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бұдан бөлек, бүлінген бейнебақылау камерасы үшін 45 000 теңге төлеуге міндеттелді.