Тіс емдеуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану үшін өтінім қабылдау 2026 жылдың 15 сәуірінен бастап қайта басталады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы 2025 жылдың 11 қыркүйегінде Отбасы банк мәлімдеді.

Үкіметтің шешіміне сәйкес, 2025 жылдың 15 қыркүйегінен 2026 жылдың 15 сәуіріне дейін enpf-otbasy.kz платформасы арқылы стоматологиялық қызметтерге өтінім беру мүмкіндігі уақытша тоқтатылады. Бұл шектеу зейнетақы қаражатын мақсатсыз пайдалану және құжаттарды қолдан жасау фактілерінің жиілеп кетуіне байланысты енгізілді.

Банктің хабарлауынша, 2025 жылдың 15 қыркүйегіне дейін берілген өтінімдер бұрынғы тәртіппен қаралады. Шектеу кезеңінде уәкілетті органдар алаяқтық схемаларды болдырмауға және зейнетақы жинақтарын пайдаланудың ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған жаңа механизмдерді әзірлейді.

2021 жылдан бері Отбасы банк платформасы арқылы "Стоматологиялық қызметтер" бағыты бойынша 757 млрд теңгеге 795 мыңнан астам транзакция жасалған. Талдау нәтижесі бойынша, осы қаражаттың шамамен 223 млрд теңгесі 20 ірі стоматологиялық клиникаға тиесілі болған, олардың жартысы Атырау қаласында орналасқан.

Айта кетейік, бұл хабарландырудан бір күн бұрын, 2025 жылдың 9 қыркүйегінде Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Еліманов Қасым-Жомарт Тоқаевқа зейнетақы жинақтарын заңсыз қолма-қол ақшаға айналдырудың даулы фактілері туралы баяндаған болатын.

Бұған дейін Батыс Қазақстанда кітапхана бухгалтерлері 46 млн теңге жымқырды деп айыпталуда екенін жазғанбыз.