2025 жылғы 11 қыркүйекте Мәжіліс кулуарында Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы Қазақстан Парламентін ұстауға қандай сома жоспарланғанын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Журналистер 2026 жылы Мәжіліс пен Сенатты ұстауға бюджеттен қанша қаржы бөлінгенін сұрады.

"Парламенттің қызметін қамтамасыз етуге шамамен 7,8 млрд теңге (2026 жылға арналған бюджет жобасында қарастырылған. – Ред.) – бұл нақты депутаттарды қамтамасыз етуге арналған. Сонымен қатар Сенат пен Мәжілісте саяси мемлекеттік қызметшілер бар. Және Парламенттің әкімшілік мемлекеттік қызметшілері – олардың жалақы қорына да шамамен 7,8 млрд теңге қарастырылған", – деп жауап берді Абзал Бейсенбекұлы.

Бұған дейін 11 қыркүйекте өткен үш жылдық бюджеттің таныстырылымында Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева мемлекеттік бюджеттің шығыс бөлігін жоспарлау тәсілдерін сынға алғанын жазғанбыз.