Семейде кәріз құдығына түскен екі жұмысшы ажал аузынан аман қалды. Шұңқыр ішіндегі улы газға тұншығып есінен танып құлаған қос қызметкерді құтқаруға көшедегі тұрғындар көмектескен, деп хабарлайды Zakon.kz.
KTK ақпаратына сүйенсек, оқыс оқиға Абай облысы сотының алдында болды. Үш жұмысшы жылу қазандығының камерасын тексеруге барған. Сөйтіп коммуналдық қызметкерлердің екеуі 2,5 метр тереңге түскен. Сол сәтте, 54 және 56 жастағы қос жұмысшы есінен танып қалған. Ал сыртта тұрған әріптесі оларды құтқару үшін төңірегіндегі жұртты жанұшыра көмекке шақырған.
Осылайша қалың ел болып, газға уланған екеуін ажалдан аман алып қалды. Олар алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін ауруханаға жатудан бас тартты.
Қазір полиция қызметкерлері қызметтік тексеріс жүргізу үшін еңбек инспекциясына құжат жолдады.
Бұған дейін Ташкентте анасының қолынан 7 жастағы қыз қаза тапқанын жазғанбыз.