Әлеуметтік желіде аутизм спектрі бұзылған балалар туралы қатігез сөздер жазған блогер Райхан Жұмамұратова кешірім сұрады.

«Instagram желісінде бір видеоны көріп, өте ауыр пікір айтып қойдым, бірақ аутист балалардың ата-аналарының жүрегіне тиеді деген арам оймен айтпадым. Эмоцияға беріліп, ашумен жазып қойдым. Бала туралы болған соң жүрекке батады екен. Ауыр сөз айтқаным үшін аутист балалардың ата-аналарынан кешірім сұраймын», – деді блогер.

Еске салсақ, мыңдаған оқырманы бар әйел Алматыда болған оқиғаға байланысты видеоға пікір білдірген болатын. Онда 13 жастағы жасөспірім балалар алаңында екі жасар сәбиді көтеріп алып, жерге лақтырып жіберген. Салдарынан баланың қолы сынды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жасөспірімнің нақты диагнозы туралы ресми ақпарат жарияланбаған, бірақ желіде ол «аутизм сырқатына шалдыққан» деген нұсқа тараған болатын.

Қазір блогер әйелге қатысты ІІМ тексеріс бастады.

«Бұл факті бойынша Алматы қаласы Полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Блогердің жеке басы анықталды», – деп хабарлады ведомство.