Бұл туралы министрліктің ресми сайтында жазылған .

ТЖМ елдің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларды жою үшін өз құзыреті шегінде қатынас жолдарын техникалық қамту мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілер қабылдайды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"Төтенше жағдайлар министрлігі енді аумақтық қорғанысты жоспарлауға қатысады, жұмылдыру тапсырмасы негізінде арнайы құралымдар құрады және оларды материалдық-техникалық құралдармен қамтамасыз етеді, аумақтық қорғаныс жоспарларына сәйкес ведомстволық бағынысты объектілерді қорғауды және олардың қорғанысын жүзеге асырады", – делінген министрлік хабарламасында.

Министрлік азаматтық қорғау органдарын аумақтық қорғаныс міндеттерін орындауға жан-жақты дайындауды жүзеге асырады және олардың ұдайы әзірлікте болуын қамтамасыз етеді.

Жаңа ережелерге сәйкес, министрлік қорғаныс өнеркәсібі мен мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты қалыптастыруға және іске асыруға қатысады. Қару-жарақ пен әскери техниканың жаңа үлгілеріне техникалық талаптар белгілейді, олардың айналымын бақылайды және пайдаланылмайтын мүлікті басқару мәселелерін шешеді.

Сонымен қатар, әскери мақсаттағы тауарлар мен қызметтердің техникалық сәйкестігін қамтамасыз ету, ғылыми зерттеулер нәтижелерін бекіту және әскери ұлттық стандарттарды әзірлеу жұмыстары да министрлікке жүктеледі.

Министрлік әскери-патриоттық тәрбие жүйесін дамытуға бағытталған іс-шараларға қатысып, Қорғаныс министрлігі жанындағы үйлестіру кеңесімен тығыз байланыс орнатады. Бұл бағытта жастардың отансүйгіштік рухын көтеру және қорғаныс саласына қызығушылығын арттыру көзделген.