Пентагон бейнежазбаның мазмұнына қатысты түсініктеме берген жоқ.

АҚШ Конгресінде белгісіз ұшатын нысан бейнеленген видео көрсетілді. Объектке зымыран тигені айтылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

DW жазуынша, конгрессмен, республикалық партия өкілі Эрик Берлисон тыңдау барысында тиісті бейнежазбаны көрсеткен. Онда теңіз үстімен жылдам ұшып бара жатқан белгісіз бір нысан байқалған. Содан кейін оған басқа бір нысан – Reaper атты америкалық ұшқышсыз ұшу аппаратынан атылған Hellfire зымыраны соқтығысады. Алайда зымыран белгісіз нысаннан кері шегінеді. Бейнежазбаның 2024 жылдың 30 қазанында Йемен жағалауында түсірілгені белгілі болды.

9 қыркүйектегі Конгресс тыңдауларында Берлисон бұл нысанның не екеніне болжам жасаудан бас тартты. Пентагон өкілдері бейнежазбаның мазмұнына, түсірілген уақыты мен орнына қатысты түсініктеме бермеді.

АҚШ Конгресінде NASA қолданатын "белгісіз аномальды құбылыстар" тақырыбындағы тыңдаулар бірнеше жылдан бері өтіп келеді.