Заманауи сүт-тауарлы ферма 3600 сауынды сиырға арналған
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Sputnik.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
СҚО-да қуаттылығы жылына 39 мың тонна болатын сүт-тауарлы ферма іске қосылып жатыр.
Жобаның құны – 8 млрд теңге. Заманауи сүт-тауарлы ферма 3600 сауынды сиырға арналған. Жаңа кешен Советтік ауылында орналасқан және жақын арада бірінші кезеңде пайдалануға беріледі. Толық қуатына шыққанда ферма жылына 39 мың тоннаға дейін сүт өндіретін болады.
Алдағы уақытта шаруашылық ірі қара мал санын 12 мыңға жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл нысанды өңірдегі ғана емес, еліміздегі ең ірі жобалардың біріне айналдырады, дейді министрліктегілер.
«Қазіргі таңда 850 сиырға арналған қоралардың 90%-ы дайын. Құрал-жабдықтар орнатылып, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге немістің Westfalia компаниясының 100 орындық айналмалы сауу қондырғысы қойылатын сауу-мал блогы салынып жатыр. Ферманың жалпы аумағы – 62 гектар», — деп жазылған хабарламада.
Жобаны іске қосу үшін Эстония мен Украинадан голштино-фриз тұқымды 390 жоғары өнімді сиыр сатып алынды. Оның алғашқы 200 басы қазан айында жеткізіледі.
Жем-шөп базасы да дайындалған. Шаруашылықтың қарауында 30 мың гектардан астам егістік бар, оның 3 мың гектары мал азығына бөлінген. Биыл мол өнімді жүгері жиналып, ол қыстық негізгі азыққа айналады.