ҚР Қаржы министрлігі "Бақылау-касса машиналарын қолдануға байланысты кейбір мәселелер туралы" бұйрық жобасын әзірледі, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Құжатта бақылау-касса машиналарын (БКМ) қолдану тәртібі, кассалық чектің мазмұнына қойылатын талаптар, сондай-ақ фискалдық деректер операторы болуға үміткерлерге арналған біліктілік шарттары нақтыланған. Сонымен бірге операторларды тізімге енгізу және одан шығару рәсімдері белгіленді.
Жоба мына бағыттарды қамтиды:
- БКМ моделін кассалық машиналар тізіліміне енгізу;
- БКМ-ді есепке қою және есептен шығару;
- кассалық чектің мазмұнына қойылатын талаптарды орындау;
- БКМ тіркеу карточкасындағы деректерді өзгерту;
- ақшалай есеп айырысуларды тіркеу және деректерді салық органдарына жіберу тәртібі.
Министрліктің түсіндіруінше, бұйрық қабылданса, тауарлар сату, жұмыстар орындау және қызмет көрсету кезінде жасалатын ақшалай есеп айырысуларды тіркеу жүйесі жетілдіріледі. Бұл көлеңкелі экономиканы қысқартуға ықпал етеді.
Жоба ҚР жаңа Салық кодексінің 111-бабының 2, 5 және 6-тармақтарына, сондай-ақ "Мемлекеттік қызметтер туралы" заңның 10-бабы 1) тармақшасына сәйкес дайындалған.
Құжат 2025 жылғы 23 қыркүйекке дейін ашық талқылау үшін "Ашық НҚА" порталында жарияланды.