Мемлекеттік кеңесші Азаматтық мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысын өткізді.
Жиында Қазақстан азаматтығына қабылдау және одан шығу мәселелері қаралды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекеттік кеңесші Қазақстан азаматтығы институтының беделін арттырудың тұрақты үрдісін атап өтті:
"Еліміздің азаматтығынан шығуға тілек білдірушілер санының қысқару тенденциясы жалғасуда. Соңғы алты жылда Қазақстан азаматтығынан шығуға тілек білдірушілер санының тұрақты азаюы тіркелді. Мәселен, 2019 жылы азаматтықты тоқтатудың 1,7 мың жағдайы болса, 2020 жылы – 944, 2021 жылы – 123, 2022 жылы – 114, 2023 жылы – 107, 2024 жылы – 77 адам болған. Осылайша, алты жыл ішінде Қазақстан азаматтығынан шығу туралы өтініштер саны 22 есеге азайды. Бұл фактілер Қазақстан азаматтығы институтының беделінің артқанын және азаматтардың ел болашағына деген сенімін айғақтайды".